$514.94 €583.74 ₽6.13
×

Трамп кері шегінді

AstanaTV
12.04.2025ж. 14:43
177
Трамп кері шегінді
Фото: ашық ақпарат көзінен алынды

АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің бірнеше еліне қарсы жаңа кедендік алымдар енгізбек болған. Бірақ оны қолдаған миллиардерлер бұл шешімге қарсы шығып, тарифтерді тоқтатуды өтінді.

Демеушілерінің үніне құлақ асқан Дональд Трамп Қытайдан басқа елдердің экспортына қарсы бекіткен тарифтерінің қолданысқа енгізілуін 90 күнге кейінге шегерді.

Бұл жаңалық биржаларға жақсы әсер етті – акциялар қымбаттады. Алайда сарапшылар бұл уақытша тыныштық екенін, сауда соғысы жалғасып жатқанын айтады.

Трамптың Қытайға ерегесіп салық мөлшерін 125%-ға дейін көтеруі АҚШ-та бағаның өсуіне әкелді. Салдарынан кейбір танымал компаниялар шығынға батқан.

Биржаларда дүрбелең басталып, АҚШ-тың мемлекеттік облигациялары арзандады. Бұл елдің қарызын көбейтіп, рецессия қаупін арттырды.

Қытай да қарап қалмай, АҚШ өнімдеріне 84% баж салығын салды. Сонымен қатар, Қытай юаньды арзандатып, америкалық салықтардың әсерін азайтты. Қытайдың қолында АҚШ-тың 759 млрд доллар қарызы (облигация түрінде) бар, бұл – үлкен қысым құралы.

Трамп Еуропаны Қытайға қарсы бірігуге шақырған. Бірақ керісінше, Қытай мен Еуроодақ жақындасып жатыр. Испания премьері Бейжіңге барып, серіктестікті нығайтуды ұсынды. Қытай басшысы Си Цзиньпин Еуропаны АҚШ-тың қысымына қарсы тұруға үндеді.

Трамптың тарифтік саясаты АҚШ-ты да, әлемді де тұрақсыздыққа әкеліп отыр. Экономика құлдырап, нарық сенімсіз күйге енді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай саясат жаңа қаржылық дағдарысқа себеп болуы мүмкін.