Медициналық қызмет көрсеткен орталықтың лицензиясы болмапты. Қазір Тараздағы барлық процедцуралық кабинетті тексеру басталып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бейнежазбада 29 жастағы Исламбектің ем-дом кабинетіне келгенін көруге болады. Пойызда жолсерік боп жұмыс істейтін ол сапарға шығар алдында тамағын шайдырмақ болған. Алайда қолында дәрігердің нұсқаулығы болмаған. Соған қарамастан, сынама жасамай, науқасқа бірден екпе салған. Антибиотикті көтере алмаған науқас ес-түсінен айырылған.
Марқұмның әкесі ұлының мезгілсіз өліміне ем-дом кабинетінің мейірбикесін кінәлайды. Анықталғандай, жұмыс істеуге рұқсаты жоқ мекеменің қызметкерінінде науқасқа нұсқаулық беріп, екпе салуға заңды құқы болмапты.
Бала сол жерде 15 минуттай қиналған. Қиналған кезінде ешбір медик көмек жасамай, білгенін істеген. Бұл жерде алғашқы көмек көрсету үшін адреналин де болмаған және алғашқы көмекке препараттар да болмаған, – дейді марқұмның әкесі Темірхан Үсенов.
Ал ем-шара бөлмесінің иесі марқұмның өліміне “еш қатысымыз жоқ” дейді. Айтуынша, олар науқасқа қолынан келген бар амалын жасаған.
Видеодан көргендеріңіздей, ол басында қимылдап жатқан. Алайда жедел жәрдем бригадасы уақыт өткізіп алды. Олар келе сала, ЭКГ-аппартын қоя бастаған. Оның не қажеті бар? Біз оларды алдын ала антибиотикке реакция болып жатқанын ескерттік, – дейді ем-шара бөлмесінің иесі Адиля Ақылова.
Дәл осындай жағдай араға бес күн салып басқа емдеу орталығында қайталанған. 50 жастағы Ерлан Атабеков дәрігердің нұсқауымен дәрі-дәрмек алып емшара орталығына барған. Алайда ондағы қызметкерлер сынама екпені қолына емес, жамбасына бірден салып жіберген дейді марқұмның жесірі.
Мұнда күйеуміз екеуіміз бірге келіп, ақыры мен оның өлі денесін алып қайттым. Сот-медициналық сараптама күйеуімнің анафилактикалық шоктан қайтыс болғанын дәлелдеді. Қазір біліксіз мамандардың кесірінен екі баламмен жесір қалдым”, – дейді Мөлдір Мекемтас.
Марқұмның жесірінің айтуынша, бұл жердегі медицина қызметкерлері бұл жағдайда не істеу керек екенін де білмейді. Оның айтуынша, жедел жәрдем келгенше, мейірбикелер еш шара қолданбаған. Жансақтау бригадасы келгенше, оның күйеуі осында жатып жан тапсырған. Қайғылы жағдайдан кейін бұл ортылықтың есігіне құлып салыныпты.
Бұл ем-дом кабинеттерінің екпе процедурасын жасауға арнайы лицензиясы болмаған. Әсіресе бұлшық етке және көктамырға екпе салуға арнайы дайындықтан өткен маман болуға тиіс. Алайда мейірбикелердің ондай құқығы жоқ. Сондықтан қазір бұл орталықтар тексеріске жабылды. Соңғы қайғылы жағдайдан кейін бүкіл мекемелер тексеріліп жатыр, – дейді Жамбыл облысы медициналық қызмет және фармацевтиканы бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Базарханова.
Таразда процедура кабинеттері карантин кезінде жаппай ашыла бастаған. Мамандар оның көпшілігінде арнайы лицензия жоқ деп отыр. Ал полиция департаменті екі адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.