$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қош келдің, әз Наурыз!

AstanaTV
19.03.2016ж. 20:00
3073
Қош келдің, әз Наурыз!

«Айтыста тілің бір шумақты айтып жатса, басың екінші шумақты құрып жатады. Миың компьютерден де жылдам жұмыс істейді. Біздің айтыстан алған ең үлкен «сыйлығымыз» - қан қысымының көтерілуі, жүрек қағысының бұзылуы болды». Бұл сөзді кезінде белгілі ақын, айтыстың ақтаңгері Қонысбай Әбілов айтқан еді. Ал айтыстың аламанында жүрген қазіргі ақындарымыз не дейді? Бағы жанған кім? Сағы сынған кім?  Жыр маржанын терген суырып салма ақындарымыз көкейдегісін біздің арнамен бөлісті. «Астана» арнасының Ұлыстың ұлы күніне арналған «Айтыскер сыры» арнайы жобасын 22-інші наурыз күні сағат 20.00-де көріңіздер.

 Еліміздің батыс өңірінде «КӨРІСУ» дәстүрі бар екені мәлім, Наурыз мейрамынан бір апта бұрын қыстан шыққан жұрттың шүкіршілік айтып, бір-бірімен құшақтасып көрісетіні. Бір-бірінің үйлеріне қыдырып, қонақ болады. Өкпе-реніштері болса, кешірім сұрасады. Наурыз басы саналатын шараны "амал келді" деп атайды. Биыл сол дәстүрді виртуалды әлемдегі ел іліп әкетті. Интернет иірімінде отырса да, бір-біріне сәлем беріп, әдемі сәлемхаттар арқылы құшақтасып, қауқылдасты. Бұл дәстүрді еліміздің төрт бұрышына жаюды айтты. Ал өмірде тойлануына келсек, Маңғыстауда жұртшылық биыл да жылдағы дәстүр бойынша Ақтаудан жүз шақырым  жердегі "Отпан тау" тарихи-мемориалдық кешеніне жиналды. Мынау фотолары, керемет!

Ал Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшіміз Еркін Карин мерекенің бір шаңырақтағылардың бауырмалдығын бекіте түсетін амал екенін растайды.

Дыбыстық қыстырма: Ассалауын айтқан жастар ішке кіріп жатыр...

Өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің  шаңырағына арнайы барған оралдық жастар аға буынның батасын алмақ ниетте. Өлкенің өнері мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан ардагерлерді құттықтаған олар алғыс хатын табыстады, домбыраны күмбірлетіп, қонақ кәдесін де ұмытпады.

Дыбыстық қыстырма: Молдабайдың әнінен жібереді...

Көрісу сөзі қазақ тілінде түрлі мағына береді. Бұл көрісу - кісісі өлген қаралы үйдің азалы көрісуінен мүлдем бөлек. Бұл дәстүр Қазақстанның батысындағы төрт облыста ғана бар. Мұны ғалымдар көшпелі тұрмыс салтының соңғы циклі осы аймақта аяқталғандығымен түсіндіреді. Ал жалпы бұл күн Қарақалпақстан мен Түркіменстанның кейбір өңірлерінде және Ресейдің бізбен шекаралас облыстарында аталып өтіледі. Ынтымақ-бірлікке бастайтын жақсы дәстүр ағайын арасын алыстатпауды көздейді. Бұл күні тума-туыс бір-бірімен көрісіп, «Бір жасыңмен!» дейді. Бұл сөз «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман жетуіңмен!» дегенді білдіреді.

Тихон Әліпқали, зейнеткер:

Сол күні жеті үйдің есігін ашып, барып көріссеңдер сауапқа қаласыңдар деп бала кезімізден солай үйрететін. Сол ауылда біреуге өкпе-реніші болса, сол адамның өзі өкпелеген адамын көрмей тұрып, сыртынан айтады: «Анау пәленше Жұмағалиға ренішім бар еді, бүгіннен бастап кешірдім», - деп сыртынан отырып айтатын.

Дегенмен, көрісу күні бір ғана Батыс Қазақстан облысының әр ауданында түрліше тойланады. Мәселен, облыстың оңтүстігіндегі кей аудандар 15-наурыздан көрісе бастайды. Бір-екі күн айырмашылығы болғанымен, көнекөздер ертеден келе жатқан ырымды ұмытпайды.

Тихон Әліпқали, зейнеткер:

14-наурыз күні міндетті түрде қыстай ұйқысында жатқан іннің түбіндегі балпақ сыртқа шығады екен.Сосын сол інінен ұзаңқырап барып, қыдырыстап, әлде жайыла ма екен, білмедім, содан қайтса, көктем ұзамай таяуда шығады, жақсы болады деп ырым жасайды. Егер балпақ іннен бір-екі аттап, кері бұрылып, қайта кіріп кетсе, аңшылар інінің аузындағы соның ізіне үлкен мән беріп қарайды, көктем ұзаққа созылады, қиын болады деп отыратын.

Аңшылар секілді балпақтың басқан ізін бақыламаса да, Оралдың өнерлі жастары бейғам жұртты бір таңғалдырды. Қала көшелерін аралап, тегін концерт қойған олар адам толы автобусқа сығылыса мініп,иінтірескен жұрттың көңілін бір көтеріп тастады.

Шашбаулымды шырқап жатыр, автобустың ішінде.

Көптен көрмеген туыстардың бір-біріне қонаққа барып, амандық сұрай келетін осы күн бір атаның балалары уақыт өте келе бір-біріне жат болып кетпеуі үшін керек нәрсе.

Бақыт әжей алты баласынан тараған 10 немересінен 12 шөбере сүйіп отыр. Бұйырса, шөпшегінің бесігін тербетем деген тәтті үміті де жоқ емес. Қария кеңес одағы  бұл дәстүрді жоя алмағанын айтты: адамдар бәрібір атап өтетін. Бұл күн - мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге тартқан үлкен әулеттің бас қосар мерекесі, яғниүлкен шаңыраққа балалары жан-жақтан жиылып, ата-анасының алғысын алады.

Бақыт Тұрәлиева, Орал қаласының тұрғыны:

Көрісу айттың ерекшеліктері мына ағайын-туманың арасында жасыратыны жоқ, адам болғасын жерде реніш болмай тұрмайды. Сол мезгілде көрісіп, менің қатем болса кешір деп құшақтасып, ерекшелігі сонда. Ат-шанаменен осындай естияр болған балаларымызды шанаға салып алып, бәлен атаның үйіне барамыз, түген атаның үйіне барамыз деп солай көрістіріп апаратынбыз балаларды. Шүкір, қазір балалар бірін-бірі таниды.

14-наурыз - Маңғыстау түбегіндегі ағайын үшін де ерек күн. "Амал" мерекесін асыға күткен жұрт бұл күнді Отпан таудың басында тойлайды. Биыл да делебені қоздыратын ат шаптырылып, ұлан-асыр той өткізді. Жиналған жұрт шат-шадыман. Олардың тойын бейне-фотодан көрген қалған ел қызығып, тамсанады.

Қуанышбек Әбдірахманұлы, Маңғыстау облысының тұрғыны:

7 мың адамдай келеді деп күтілген. Қазір де байқап отырмыз адам көп. Адам ықыласы күшті,ниеттері түзу. Ойымыз – барлық қазақ тойласа осы тойды. Бұл той жайдан-жай пайда болған жоқ, мұның ар жағында қазақтың тойлаған тойы. Бірақ бер жағынан келе-келе көп заттар ұмытылып қалды ғой.

Ақтаңдақтан арылмаған қазақ тарихында осындай ұмыт қалған сәттер көп. Содан болар оралдықтар «көрісу айты» дейтін, ал адайлықтар «амал» атайтын осы бір күннің шығу тарихына қатысты түрлі пікір айтылады. Қай болжамның да қисыны бар.

Саялбек Ғиззатов, тарих ғылымдарының кандидаты:

Біздің ата-бабаларымыз көшпелі өмір шаруашылығын бастан өткерді. Олар жаңағы қыстың қиындығына байланысты бір-бірімен қатынай алмай көктем шыға келе бірін-бірі іздеп көрісетін болған. Енді тағы бір екінші нұсқасы бұл Маңғыстау өңірінде тойланатын АМАЛ мерекесі. Амал деген жұлдыз бен Күн жұлдызы сол 14-наурыз күні жерден қарағанда бір түзу сызықтың бойына келіп, сап түзейтін болған. Сол себепті осы күнді АМАЛ мерекесі деп атайтын болған.

Тарихшы ертеректе қазақтардың жыл басын 1-наурызда бастағанын, алайда Батыс Еуропа күнтізбесіне өткесін бұл мейрамның екі апта кейінге шегерілгенін айтады. Бірақ алты алаштың басын қосқан мереке бір күнмен шектелмейді.

Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері:

"Сәлем сөздің" анасы дейді. Сәлемдесетін күн, көрісетін күн, амандасатын күн. Күніміз жақсы болсын, жылымыз жақсы болсын, әр қазақтың отбасы өзінің отбасына қазақтың салтын, дәстүрін, тілін, дінін молынан енгізсін.

Амал мерекесі жалпыұлттық сипат алады-ау. Биыл бұл тойға астаналықтар да ат салысты. Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан бастаған елордалықтар Ұлттық музейде думанды шара ұйымдастырды.

Гүлжанат Ахметқалиева, ҚР ұлттық музейінің қызметкері:

Көрісу осы уақытқа дейін Батыс аймақтарына тойланып келген ғой. Енді міне осы жылдан бастап 14-нен 21-не дейін 9 күн тойлау сынды сұрақты көтеріп жатыр ғой.

Шат күлкі мен қуанышқа толы бұл мерекені тойлаған халық дәл осы қарқынмен Жаңа жыл – 22-наурыз мерекесін қарсы алады. Ал бұл мейрамның тек қазақ халқы ғана емес, күллі түркі әлемі үшін орны ерек. Ендеше, той тойға ұлассын, ағайын!

Еркін Карин, Наурыз Халит... «Біздің уақыт».