Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының өкілі Милад Карими Хорватияның Осиек қаласында өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде жеңіске жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҰОК мәліметінше, ол кермедегі жаттығу бағдарламасының финалында қарсыластарына дес бермеді.
Карими төрешілердің шешімімен 14.666 ұпай жинады. Осылайша, Милад бұл Әлем кубогының кезеңінде екінші жүлдесіне қол жеткізді. Ол бұған дейін еркін жаттығуларда үшінші орын иеленген еді.
Финалда екінші орынды Израиль спортшысы Александр Мякинин (14.433), ал қытайлық Чени Се (14.300) үшінші нәтиже көрсетті.
Айта кетейік, Осиекте өткен жарыста Қазақстан құрамасы үш жүлде жеңіп алды. Каримиден бөлек Нариман Құрбанов та жүлдегер атанып, ат снарядында өткен жаттығуларда қола медаль жеңіп алды.