$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралда жертөледен нәресте табылды

AstanaTV
27.06.2017ж. 20:00
2931
Оралда жертөледен нәресте табылды

Оралда құрылыс алаңындағы жертөледен нәресте табылды. Қазір полиция сәбидің ата-анасын іздестіріп жатыр. Иіс сезгіш иттер сақшыларды бір мекенжайға алып келген. Екі апталық "торсық шеке" ұлды далаға тастаған кім? Баланың жағдайы қалай? Оқиғаның мән-жайын Еркін Карин білуге тырысты.

Еркін Карин, тілші:

Нәресте салынып бітпеген үйдің жертөлесінен табылыпты. Құрылыс алаңының күзетшісі айналаны шолып жүріп, тосын дыбысты құлағы шалады. Кейін бұл дыбыстың жертөледен шығып жатқанын аңғарады. Төменге түскенде жерде жатқан сәбиді көріпті.

Николай Плотников, күзетші:

Бала құндақтаулы жатыр екен. Кейін осы маңдағы жүргіншілерден жедел жәрдем шақыртуын сұрадым. Көп кешікпей сәбиді балалар ауруханасына алып кетті.

Кейін оқиға орнына иттерін ертіп, полиция да келіп жетті. Иісшіл ит із кесіп, кинологтар осы маңдағы әрбір үйді аралап шықты.

Мүсілім Жәрдемов, Орал ҚІІБ ЖПҚ бастығы:

Ізшіл ит осы ықшамаудандағы үйлердің біріне алып келді. Қазір қызметкерлеріміз әрбір пәтерді, ондағы адамдарды тексеріп жатыр, қалай табамыз - солай хабарлаймыз.

Қазір бүлдіршін облыстық балалар ауруханасында. Сәбидің салқын жерде қанша уақыт жатып қалғаны белгісіз, бірақ жағдайы жақсы, денсаулығына да зиян келмеген, - дейді дәрігерлер.

Александр Гехман, БҚО көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары:

Баланың жағдайы жаман емес. Киімі де жаңа. Жағдайы бар отбасыдан шыққаны көрініп тұр. Шамасы бала перзентханада дүниеге келген. Өйткені кіндігін сауатты маман кескені көрініп тұр.

Оралда мұндай жағдай биыл алғаш рет тіркеліп отыр. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Егер сәбидің ата-анасы табылса, оларға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады не қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Тіпті 45 тәулікке дейін қамалуы мүмкін.

Еркін КАРИН