Қызылжарда бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісі пайда болды. Бұл жүргізушілердің ашуын тудырып отыр. Өйткені Петропавл-Астана тас жолына шығатын негізгі көпір жөндеуге жабылған. Жұрттың жүйкесін тоздырған күре жолдың мәселесі қашан, қалай шешіледі? Абзал Құрманкин білді.
Абзал Құрманкин, тілші:
Қызылжарға Астана жақтан кіретін екі-ақ жол бар. Оның екеуі де темір жолды кесіп өтеді. Негізгі бағыт мамыр айында күрделі жөндеуге жабылды. Осыған байланысты енді темір тұлпар иелері екіжолақты қозғалыс арқылы ғана қатынауға мәжбүр.
Жұмысшы кентінің тұрғындарынан басқа қала маңайындағы ауыл жұрты да Петропавлға осы жолмен кіреді. Көше жіңішке болғасын, күнде таңертен-кешке мұнда көлік кептелістері пайда болады. Ұзын-сонар кезек кейде бірнеше шақырымға дейін созылады, дейді көлік жүргізушілері. Жұмысқа жету үшін 1-2 сағат ерте шығуға мәжбүр.
Жиһан Шакенов, көлік жүргізушісі:
Кейде үйге жету үшін 1.5 сағат кетеді. Не жаяу жүре алмайсың, не машинамен жүре алмайсың. Қиын болды. Бастықтар ремонт істеп жатырмыз дейді. Құдай біледі. Ремонтты тезірек бітіргендері жақсы болар еді.
Әкімдіктегілердің айтуынша, қалаға жол ашатын қосымша бағытты ашу мүмкіндігі жоқ. Себебі қаланың бергі жақ бойымен темір жол өтеді. Жолаушылардың қатынасын жеңілдету үшін, 5 бағыттың жүру кестесі қайта қарастырылған.
Азат Бейсембин, Петропавл қаласының әкімдігі ТКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің бас маманы:
Көпірдің жөнделуіне байланысты 3 автобус бағыттары енді бір аялдамаға кем жүріп, көпірдің алдында тоқтайды. Ал №14 және №16 бағыттардағы автобустар екіге бөлінді. Бірі қала ішіндегі жолаушыларды көпірге дейін тасиды. Ал автобустардың екінші тобы адамдарды көпірден қарсы алып, елді мекендерге апарады. Жолаушылар қоғамдық көлікке екі рет мінсе де, бір билеттің құнын өтейді.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары тұрғызылған көпір әсте жөндеу көрмеген екен. Нысанның жаңғыруына тапсырыс берген «Қазавтожол» компаниясы өкілінің айтуынша, жөндеу екі жылға созылады. Жөндеудің алғашқы кезеңі қыркүйекке дейін жалғаспақ.
Қайырбай Сәдуақасов, «Қазавтожол» ҰК» СҚОФ директорының орынбасары:
Өтпежол "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында жөнделіп жатыр. Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 258 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде көпірдің ұзындығы 52 метрден 83-ке дейін ұзарады. Ал биіктігі 1,5 метрге көтеріледі.
Бас мердігерлер жоспарға сай жұмыс істеп жатқандарын айтады. Қыркүйек айына дейін нысанның оң қанатын бітіріп, жолды апшақ. Ал бітпей қалған жұмыстарды келесі жылдың қарашасына дейін тындыруы тиіс.
Анатолий Радионов, «Рязанов атындағы №25 көпір салу жасағы» ЖШС жоба жетекшісі:
Құрылыс алаңында 30 техника мен 70 адам екі ауысым бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазір бетон тіреуіштерінің үстіне арқалықтарды қоямыз. Темір жолға жақындағасын пойыздар қатынасы сәл бәсеңдейді.
Абзал Құрманкин, тілші:
Осыған дейін негізгі көпір 50 жыл тұрса, енді жаңа технологияның арқасында оның жарамдылық мерзімі екі есе ұлғаяды, деп сендіреді бас мердігерлер.
А.Құрманкин