«Қыз Жібек» киносынан тек Асанәлі Әшімов екеуміз ғана қалдық. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова йтты, -деп хабарлайды Аikyn.kz
«Қыз Жібек» киносына ең мықты әртістермен бірге түстім. Тек Құман ағаларың 3-курстың студенті еді. Бірақ ол кісі киноны қалай түсіретінін, рөлді қалай сомдайтынын білді. Талантының арқасында Төлегеннің рөліне бірден өтті. Ал небәрі 16 жастағы мен үшін Қыз Жібектің рөлін ойнау қорқынышты болды. Себебі Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Гүлфайрус Ысмайлова, Асанәлі Әшімов сияқты біртуар азаматтармен бір алаңда жұмыс істедік. Жалпы, әртістердің көбісі М.Әуезов театрынан еді», - деді
Меруерт Өтекешованың айтуынша, киноның режиссері Сұлтан Қожықов өз ісінің нағыз маманы ғана емес, керемет адам еді.
«Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер болатын. Соғыс аяқталғаннан кейін Мәскеудегі институтқа киномотографияға оқуға түсіп, бітіргеннен кейін Алматыға келіп киностудияда жұмыс істеді. Киноның операторы – Асхат Ашрапов. Оператор болу, кадр түсіру өте қиын. Ол кезде кино камера да, қоятын жарықтар да көлемі үлкен, салмағы ауыр еді. Оған қарамастан, шығармашылық топ аянбай жұмыс істеп, жақсы фильм түсірді», - деді ол..
Биыл белгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы тойланып жатыр. Атақты композитор «Қыз Жібек» киносына да атсалысқан.
Ал костюмдерді атақты суретші, Жібектің анасының рөлін ойнаған Гүлфайрус Ысмайлова тікті. Ал киноның сценарийін классик Ғабит Мүсірепов жазғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. «Қыз Жібек» фильмі неге жақсы шықты? Себебі қазақ өнерінің ең мықты майталмандарының бәрі осы киноға қатысты. Олар тек «Қыз Жібекте» емес, қазақ өнерінде де із қалдырған...
Жалпы, «Қыз Жібек» киносынан тек Асанәлі Әшімов екеуміз ғана қалдық. Төлегеніміз де жүрек ауруынан кетті. Жүрек ауруына адам шыдамайды. Сондықтан жүректеріңді сақтаңдар.