$516.91 €586.33 ₽6.3
×

Қазақстанда құны пәтер бағасымен бірдей алқа сатылымға шығарылды

AstanaTV
15.04.2025ж. 00:12
201
Қазақстанда құны пәтер бағасымен бірдей алқа сатылымға шығарылды

Қазақстанда активтерді қайтару науқаны аясында тәркіленген эксклюзив зергерлік бұйымдарды сату жалғасып жатыр. Олардың арасында құны 55 миллион теңгеге бағаланған Van Cleef & Arpels алқасы бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақ алтыннан (750 сынама) жасалған, салмағы 16,92 карат гауһартаспен көмкерілген алқаның бастапқы бағасы 46 миллион теңгеден асады. Сатып алушы 7 миллион теңге көлемінде кепілдік жарна салуға тиіс. Сауда аукцион форматында, бағаны көтеру тәсілімен өтеді. Зергерлік бұйымның құны 55 миллион теңгеден асады. Сатылым 23 сәуірде басталады және e-qazyna.kz электрон платформасында өтеді.

Алдағы аукционда 61 зергерлік бұйым сатылымға қойылады. Бұл әшекейлер заңсыз байыды және ақшаны шетелге шығарды деген күдікке ілінген адамдардан тәркіленген. Есімдері аталмағанымен, әңгіме бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлер туралы болуы мүмкін.

"Бұл сауданың мақсаты – қайтарылған активтерді тиімді пайдалану, қызығушылық танытқан қатысушыларға эксклюзив зергерлік бұйымдарды сатып алу мүмкіндігін беру", – деді қайтарылған активтерді басқару компаниясы өкілі.