Шымкентте 6 жасар баланың денесі су толы шұңқырдан табылды. Баланың жақындары бұл жерге неге қауіпсіздік белгісі қойылмаған деп налиды. Бұл туралы айтып талай тиісті орындарға арызданғанымызбен шара көрілмеді дейді. Сол күні бірнеше рет оқиға орнына барғанымен түнде ғана баланың денесі су бетіне қалқып шықты дейді марқұмның анасы. Сот медицина сараптамасы баланың өкпесі жарылып кеткен деген қорытынды шығарыпты. Қапыда ұлынан айрылған отбасы кінәлілердің заң алдында жауап бергенін қалайды.
МАРЖАН АСҚАР, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
Өзім көрдім соңғы рет барған кезде. Судың бетінде бетімен жатыр екен, арқа жағымен. Екі қолы сірескен күйі қатып қалыпты. Аяғы бүгілген күйі қалған. Жаңбырдың суы емес ол жер. Жаңбыр жақын арада жауса да ондай болмайтын. Былтырдан бері сол су жататын.
ҰЛТУАР БЕГАЛИЕВА, БАЛАНЫҢ ӘЖЕСІ:
Жауаптылар заңға тартылса екен дейм, әділдік болса екен деймін. Әлі де кеше үш бала жүр сол жерде. Тағы да бірінен кейін бірі өлу керек па?! Соны сұраймыз, заң алдында осыны қолға алса екен сол жерді.
Тұрғындар осы жағдайдан соң кезекшілік қоюға мәжбүр. Бұған дейін де суға түсіп кетіп, аман қалғандар бар дейді. Атқамінерлер енді ғана әрекетке көше бастапты. Осы жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.