$516.16 €584.86 ₽6.25
×

Трамптың тарифі айфонның бағасына әсер етпейді

14.04.2025ж. 20:00
124
Трамптың тарифі айфонның бағасына әсер етпейді

Трамптың дені де миы да сау. Жыл сайынғы медициналық тексерісті өткізген «Уолтер Рид» әскери госпиталінің дәрігерлері осындай қорытынды жасады. Америка халқы үшін тағы бір қуанышты жаңалық. Айфон мен өзге гаджеттер және компьютерлердің бағасына Трамп тарифтері әсер етпейді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамптың денсаулығында еш ақау жоқ. Тіпті, психологиялық жағдайы да жақсы. Көпшілік күмәнданғанымен, дәрігерлер осындай тоқтамға келді. Бар-жоғы күздегі қастандықтан құлағында тыртық қалыпты. Журналистерге берген сұхбатында, өз денсаулығы туралы баяндаған Президент, одан сайын мақтана түсті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің денсаулығым өте керемет. Когнитивтік тестте ең жоғары балл жинадым. Тау қопаратын күшім бар. Бастысы, жүрегім таза, арым да таза.


Осы жаңалықты біле сала, көңілі көтерілген болуы керек, Трамп бүкіл әлемді қуантты. Өзінің тариф саясатында тағы бір жеңілдік жасады. Енді, гаджеттер мен компьютерлер, оның ішінде микрочиптер Қытайдан тасымалданса да, оларға салық салынбайды. Бұндай қадамға өз сайлаушыларынан қорыққандықтан, осындай қадамға барды дейді, - сарапшылар. Себебі, ең танымал смартфон – Айфондардың жартысы АҚШ-та сатылады. Алайда, жеңілдіктер тек 2 айға ғана жасалмақ.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:


Қытай секілді бізді тонағысы келетін елдер жауапкершіліктен құтылмайды. Бірақ, оларға Айфон бағасын қымбаттату арқылы бізді жаманатты көрсетуге мүмкіндік бермеймін. Бірақ, ешкім салықтан қашып құтыла алмайды. Заманауи гаджеттер микрочиптерге салынатын тарифтер есебінде 20 пайыздық салықпен ғана қабылданады.


Израиль Газа секторындағы ауруханаға шабуыл жасады. Онысын жасырмады да. ХАМАС лаңкестік ұйымының басқару орталығы болған деп ақталуға тырысты. Алайда, соққы нәтижесінде хирургия бөлімі зардап шегіп, ондаған адам қаза тапты. Ең сорақысы, аурухананың сыртында ойнап жүрген бір үйдің 6 баласы мен олардың досы да тіл тартпай кетті. Ал, аурухана ішінде болған адамдардың денесі үйінділер астынан әлі шығарылған жоқ.

ИБРАХИМ АБУ МАХАДИ, ГАЗА СЕКТОРЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл балалардың не жазығы бар. Өздерімен өздері ойнап жүр. Ең үлкені 10 жаста еді. Жейтін тамақтары да жоқ. Бар көрген қызығы ойын. Араб елдері, жалпы, Ислам әлемі қайда қарап отыр?


Айта кетейік, Газа секторының тұрғындары қайтадан үйлерін тастап кете бастады. Алайда, барар жерлері жоқ. Израиль әскері болса, әскер кіргізіп, қайтадан құрлық операциясын бастаймыз, - деп ескерткен.