$516.91 €586.33 ₽6.3
×

Оралда қазақ күресінен жастар арасындағы республикалық чемпионат өтіп жатыр

14.04.2025ж. 20:00
131
Оралда қазақ күресінен жастар арасындағы республикалық чемпионат өтіп жатыр

Қазақ күресінің кіл мықтылары Батыс өңірінде бас қосты. Оралда жастар арасындағы республикалық чемпионат өтіп жатыр. Спорттық жарыс 16-шы сәуірге дейін жалғасады. Жеңімпаздар халықаралық байқауларға жолдама алады. Аймақта қазақ күресінен өзге қандай ұлттық спорт түрлері кеңінен насихатталуда? Мөлдір Жақан жалғастырады.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Дәл қазір палуандар алаңға шығып, бақ сынасып жатыр. Республикалық чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 500-ге жуық спортшы келді. Кәсіби біліктілік, рух пен жігер сыналатын додаға 18-20 жастағы қыз-жігіттер қатысуда.


Қызылордалық өрен Сүйкім Балтабай - 19 жаста. Қазақ күресімен 5 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалған.

СҮЙКІМ БАЛТАБАЙ, СПОРТШЫ:

Қазақ күресі өте жеңіл, өзіме ыңғайлы. Күрескенде өзімді еркін сезінемін. Бірнеше жүлде иесімін. Келешекте күресімді дамытып, жарыстардан жүлделі орындарды алуға ниеттімін.


Бұған дейін аймақта кенже қалып жатқанымен, қазір жанданып, түрлене бастаған ұлттық спорт - Көкпар деседі. Атам заманнан келіп жеткен спорт түрлерінің бұқаралық сипат алуы үшін “Бабалар ізімен” атты ашық облыстық лига бастау алған.

ОРЫНБАСАР ҒИЛЫМОВ, "ОРАЛ" СПОРТ КЛУБЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Көпшілік болған жерде нәтиже шығады. Қазіргі біздің басты мақсат, жұмысымыз – Ұлттық көкпар ойынын бұқаралық сипатқа ие болғызу, аудиториямызды үлкейту болып саналады. Көптің ішінен жақсы жеңімпаздар шығады деген, атақты спортшылар шығады деген үмітіміз бар.


МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Көкпар десе делебесі қозатын қазақ Деркул кентіне ағылды. Сақадай сайланған ойыншылардың дайындық деңгейі жоғары, намысты қолдан бермес үшін барын салуда. Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысындағы аудандар бір-бірінен шалғай орналасқандықтан, жылқыларды тасымалдау біраз қиындық тудырады дейді ұйымдастырушылар. Сондықтан бүгінгі ойын қысқартылған түрде өтіп жатыр. Бір командада 6 ойыншы.


Халықтың тарапынан да қызығушылық жоғары. Еңбектеген бала мен еңкейген шалға дейін - бәрі осында.

БЛИЦ:

- Жастар жақсы үйреніп келе жатыр. Қазірдің өзінде көрініс жақсы. Аттары да үйренген. Бұған енді жігіттер кішкене қайраттылау болу керек.
- Бұрын Көкпарды Батыс білмейтін. Осы жолы жақсы. Мына аттар да жақсы үйренген. Әрі қарай дамыта берсін.
- Жастарға жақсы спорт түрі. Көрейін деп келдім. Бүгін бірінші рет келіп отырмын немеремді алып. Жақсы көңіл -күйдеміз.


Дәстүрлі садақ ату да назардан тыс қалып отырған жоқ. Орал қаласының тұрғыны Әсемгүл Ғалымжанова Стамбул қаласында өтетін Фетих халықаралық жарысына жолдама ұтып алды. 30 мемлекет қатысатын додада ел намысын қорғайды.

ӘСЕМГҮЛ ҒАЛЫМЖАНОВА, ДӘСТҮРЛІ САДАҚ АТУ БОЙЫНША ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ МҮШЕСІ:

Үлкен жарыстардан Әлем кубогына қаыстым. Содан іріншір орын алдым жүледдлі. Одан кейін Азия кубогында жүлделі орын алдым. Қазіргі таңда дәстүрлі садақ ату өте қарқынды дамуда. Көп спортшылар қызығады. Әйелдер арасынан қатысып жүргендер көп.


МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бұл - Нөкер. 7 жаста. Жеті қазынаның бірі - қазақтың құмай тазысын бір жасқа тақап қалған кезде аңға қосады. сондықтан да, әрине, олар ерекше күтімді қажет етеді. Қане, Нөкер, ауқаттанып алайық.


Иә, шымыр әрі жылдам тазыларды баптап-өсіру әркімнің қолынан келе бермейді. Нұрлан Мұхтаровқа тазы үйрету әкесінен дарыған іс.

НҰРЛАН МҰХТАРОВ, БАЙҚОНЫС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Соңғы уақытта жақсы қарқынды дамып жатыр. Сұрыптау жақсы жүріп жатыр жүйрікті жүйрікке салып. Бір-бірін таниды тазы ұстайтын жігіттер. Жарыстар да көбейіп жатыр. Енді бір он жылда тазымыз вообще мықты болайын деп тұр.


Ұлттық спорт – қазақ рухының айнасы. Оны дамыту, кең көлемде насихаттау - ортақ міндет.