Солтүстік Қазақстанда өтіп жатқан “қазақ киносының онкүндігі” аясында ауыл аймақта көшпелі кинотеатр ұйымдастырылды. Игі шараның арқасында ауыл жұрты қазақ кинематографиясының төл туындыларын тамашалауға мүмкіндік алды. 15 көрсетілім көрермен назарына ұсынылды.
Қызылжар өңірінде бастау алған “қазақ киносының онкүндігі” шарасы облыс орталығын ғана емес, ауыл аймақты да қамтыды. Көшпелі кинотеатр Аққайың ауданының Полтавка елдімекенінде ұйымдастырылды. Ауыл жұртының назарына әйгілі Дос-мұқасан ансамблі туралы түсірілген кино ұсынылды.
ӘСЕЛ РАХМЕТОВА, ПОЛТАВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұл фильм мен үшін өте әсерлі болды. Біз отбасыммен бірге отырып көрдік. Бұл кинода қазақ халқындағы жастардың өнерге деген сүйіспеншілігі көрсетілген. Қазіргі жастарға үлкен өнеге береді деп ойлаймын.
Ауыл тұрғындары бүгінде қазақ киносының қарқынды дамып жатқанын айтады. Қазір көрермен шетелдік емес, отандық фильмді таңдайтын көрінеді. Кино индустрияның санға емес, сапаға көңіл бөлу керектігін ел президенті де ұлттық құрылтайда атап өткен болатын.
ЗУБАРЗАТ ЖЕҢІСҚЫЗЫ, МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:
Қазақ тілінде түсірілетін кинолар көбейіп жатқаны және сапасы жоғары дәрежеде екенін мен осыған өте қуаныштымын. Тілімізді насихаттауға, құрметтеуге, өз ана тілімізде сөйлеуге және тарихымызды ұмытпауға насихаттайды және үйретеді.
“Петропавл креатив орталығында” он күнге созылған іс шара барысында қала тұрғындары үшін барлық қазақ кинолары тегін көрсетіледі.