$521.67 €592.46 ₽6.32
×

12 жастағы көрші қызға шабуыл жасаған ер адамға сот үкім кесті

AstanaTV
15.04.2025ж. 12:51
144
12 жастағы көрші қызға шабуыл жасаған ер адамға сот үкім кесті
Фото: iStock

Талдықорғанда апелляциялық сот ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Талдықорғанда кәмелетке толмаған қызға қатысты жасалған жантүршігерлік қылмыс бойынша шығарылған сот үкімі апелляциялық инстанцияда қайта қаралып, айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл іс 2024 жылдың тамыз айында орын алған. Мас күйінде болған 38 жастағы ер адам көршісінің үйіне заңсыз кіріп, сол үйдегі 12 жастағы мектеп оқушысына зорлық-зомбылық әрекетін жасағаны анықталған. Күдікті бірнеше сағат ішінде ұсталып, қамауға алынған. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері бойынша жүргізілген. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыру.

Қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырғандықтан, ерекше бақылауға алынған. Тергеу аяқталған соң іс Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотына жолданып, сот отырыстары жабық түрде өткен. 2025 жылдың қаңтарында алғашқы сот инстанциясы айыпталушының әрекетін қайта саралап, оны 15 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Бұл шешім прокуратура тарапынан қарсылыққа ұшырап, неғұрлым қатаң жаза қолдану туралы өтініш берілген.

Апелляциялық шағым қаралғаннан кейін, сот бастапқы үкімді өзгертіп, айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Жетісу облысының прокуратурасы бұл шешімді прокуратураның принципті ұстанымы мен дәйекті дәлелдерінің нәтижесі деп атап өтті. Үкім заңды күшіне енді.