Миллиондаған адамның өліміне небәрі 3 адам кінәлі. Дональд Трамп осылай деп тағы дүйім жұртты дүрліктірді. Әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға Путин де, Зеленский де, тіпті, Байден де кінәлі дейді, - АҚШ Президенті. Бірақ, желіде Трамптың өзі ақылынан алжасты дейтіндер жеткілікті. Ол Сальвадор Президентімен кездесіп, Латын Америкасындағы осы елге азаматтығы бар жандарды да елден қуамын, - деп жарияға жар салды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Осы үшеуі болмаса, миллиондаған адам өлмейтін еді. Трамп ескі әдетіне тағы басты. Путин, бірінші кезекте кінәлі, - дейді Трамп. Алайда, алдыңғы мемлекет басшысы Байден мен Зеленский АҚШ Президентінің ойынша аласапыранның бастауына себеп болған. Сондықтан, Ақ үй басшысы осы былықты реттеу үшін бар күшін жұмсап жатыр.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Байден мен Зеленский осы қадамға бармас бұрын, ойлану керек еді. Әрине, Путин де ақымақтық жасады. Қазір, мен Путинге өз көмекшім арқылы бар ойымды жеткіздім. Арнайы дедлайн да қойдық. Бірақ, ол барлығымыз үшін тиімді, Путин бас тарта алмайтын ұсыныс.
Трамп АҚШ азаматтарын елден қууға дайындалып жатыр. Осы мақсатта Ақ үй басшысы Сальвадор Президенті Наииб Букелені қабылдады. Әрине, бұл санкция шыққан тегі Сальвадорлық азаматтарға қатысты. Оның өзінде ірі қылмыстық топтарға қатысы бар деп күдіктенген жандар тікелей Латын Америкасындағы түрмеге тоғытылмақ. Сальвадор басшысы да, ел астанасында орналасқан әлемдегі ең үлкен абақты қуана қабылдауға дайын екендігін жеткізді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жоғарғы Сот маған рұқсат берді. Әр, жағдай жеке сотта қаралады. Сондықтан, ешқандай заңбұзушылық жоқ. Қоғам неліктен дүрлігіп жатқандығын түсінбеймін. Олардың барлығы – қандықол қылмыскерлер. Біз Американы азат етуіміз керек.
Трамптың тепкіні көп ұзамай басталып та кетті. Колумбия университетінің студенті Махмұд Халиль эммиграциялық қызмет ғимаратына келген бетте полицейлер оны тұтқынға алған. Ол елде 10 жыл заңды тұрып, азаматтық алу үшін келе жатқан еді.