Балаға ерекше ат қою сәнге айналды. Ата-анасы өзгеден қайталамаймыз деп ел естімеген есім тауып, тілін сындырады. Әсіресе, араб тілінен аударатындар көп. Еуропаның да есімін күнде естіп жүрміз. Сонда қазақша қойса ұят па? Желідегілердің бұған қатысты пікірі қандай? Жалпы баланың есімін кім қою керек? Осы және өзге де мәселелерді Аружан Задабек «Өзекті» айдарында айтады.
Қайырлы кеш, көрермен! Өзекті деген тақырыптарды бірге талқылаймыз. Экраннан алыс кетпеңіз!
«Кісі есімдері өзін қоршаған әлеуметтік қоғаммен тығыз байланысты». Бұл- көрнекті ғалым Телғожа Жанұзақовтың сөзі. Ғалым 15-18 ғасырлардан бастап-ақ қазақ халқы балаға діни есімдер қоя бастағанын айтқан. Бірақ ол заманда ат қоюдың мәні бөлек еді, қазір мүлде бөлек. Кейде осы біз қазақша есім қоюға арламыз ба деп ойланып қаламыз. Әлде арабша атау абыройға айналды ма? Бұл тақырып қазір қоғамда жиі талқыланып жүр. Бірі әркім өз жан қалауын таңдасын десе, енді бірі ат қоюға ерекше дайындық керек деседі. Өйткені ол баланың тағдырына тікелей әсер етеді-мыс.
БЛИЦ:
- Әкесі қойса жақсы ғой. Бізде атасы ғана. Екіншімді не деп қояды деп гадать етіп жүрміз.
- Келіспеймін! Атты анасы қоюы керек. Тегі әкесінен, қан тегі әкесінен. Адамда гормония болуы үшін екі жақты теңестіру керек. Сондықтан ана.
- Қызды болдым 3 жыл күтіп. Ат қою қайда? Ата-әжесі алып алды. Атын да өздері қойды.
Бала демекші қазір жатырын жалға беретіндер туралы әңгіме көбейді. Әрине, мұндай қызметтің бары жаңалық емес. Бірақ қазір суррогат ана іздегендерден гөрі, суррогат ана боламын дегендердің саны артқан. Әсіресе продюсер Баян Мақсатқызының мұндай қызмет үшін қанша теңге төлегенін естігеннен кейін батпанқұйрық деген осы екен ғой деп, қызыққандар артыпты.
БЛИЦ:
- Қалай 9 ай көтеріп жеріп, баланы біреуге бере салады? Жүрек керек шығар оған да, іші бауырыңнан шыққан нәрестені қиып бере салуға.
- Сауап қой. Өте керемет жақсылық жасау. Баласыз адам балалы болады? Жатырына ақшасын төлейді. Реніш болмайды.
- Аз екен ақшасы. Әйел адам өмір мен өлім арасында жүреді 9 ай.
Өткен апта қызғалдақтың жыр болғаны есте. Тұрғын 12 шоқ гүл үшін 12 млн теңге айыппұл арқалады. Бір жағынан табиғатты аяламаған адамға қарап «сол керек» деп айтуың мүмкін. Енді бір жағынынан қарасаң, тым көп қой деп пайымдайсың. Бүгін бұл сауал Экология және табиғи ресурстар министріне де қойылды. Ерлан Нысанбаев онсыз да азайып бара жатқан гүл үшін лайықты шешім деп қысқа қайырды.
БЛИЦ:
- Сиыр жеп қойса не болады?
- Басқа ештеңе қалмады ғой. Қашан артық ауа жұтқанымыз үшін штраф төлейміз?
- Скоро тезек терсең де штраф салатын шығармыз.
Құрметті көрермен, менде бар ақпарат әзірге осы. Келесі жүздескенше!