$521.9 €593.5 ₽6.39
×

"Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын, экономикалық өсім қарқынын және тартылатын инвестиция көлемін төмендетуге жол бермеу", - Президент

AstanaTV
16.04.2025ж. 14:38
117
"Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын, экономикалық өсім қарқынын және тартылатын инвестиция көлемін төмендетуге жол бермеу", - Президент

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс отырысы өтті. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Жиында тарифтік қақтығыстар салдарынан әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты еліміздің іс-қимыл жоспары талқыланды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің, сондай-ақ басқа да құзыретті органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды. 

Президент қазіргі жаһандық экономикадағы ахуалдың тұрақсыз сипат ала бастағанын, сондықтан кез келген жағдайға дайын болу қажет екенін атап өтті. 

Кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.

– Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын, экономикалық өсім қарқынын және тартылатын инвестиция көлемін төмендетуге жол бермеу, – деді Мемлекет басшысы.

Президент әлемдік деңгейдегі дағдарыстар әрдайым сын-қатерге толы болғанымен, дамудың жаңа көкжиегін ашатынын да айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық, көлік-логистикалық және адами әлеуетін нығайтуға ықпал ететін нақты стратегиялық бағыттарды атады. 

Ірі инфрақұрылымдық жобалар мен цифрландыру жоспары еліміздің экономикалық саясатының басты бағыттары болып қала береді.

– Халық алдындағы негізгі әлеуметтік міндеттемелердің бәрін орындауға және маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға тиіспіз, – деді Президент.

Мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын сақтау мен ақша-несие саясатын іске асыру тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды. 

Жиын соңында Президент мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.