Елімізде 12 мыңнан астам баланың аутизмі бар. Соңғы бес жылда көрсеткіш үш есеге өскен. Бұл «Диспансерлік науқастардың электрондық тізілімі» ақпараттық жүйесіндегі мәлімет. Ал тізімге енбей, әлі баласының ерекшелігін білмей, білсе де көнбей жүрген отбасы қаншама?! Тақырыпты тілшіміз жалғастырады.
Соңғы бес жылда ерекше балалардың саны күрт өскен. ГРАФИКА: Мәселен, 2020 жылы 3568 бала тіркелсе, 2021-де 4886 балада аутизм бар екені анықталған. Көрсеткіш 2022 жылы 6558-ге, 2023 жылы 9611-ге жеткен. Ал былтыр 12 456 бала тіркелген.
Оның 3 мыңнан астамы Астана қаласында тұрады. Соның бірі – Ескендір. Ерекше баланың анасы Нұржауар Қайырбектің айтуынша, ұлындағы ерекшеліктерді 1 жарым жасында байқаған. Алғашқыда баласында аутизм белгілері бар дегенге сенбеген. Алайда мамандардың пікірін тыңдап, ақылы орталықтардың көмегіне жүгіне бастаған. Қазір 3 жастағы Ескендір мемлекеттік балабақшаға барады.
НҰРЖАУАР ҚАЙЫРБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бір жарымда әлі мама-папа деп айтпайтын. Бірақ жарты-жарты сөз болса да болатын. Бір жарымнан кейін ол сөздердің барлығы жоғала бастады. Жаңа сөздер мүлде қосылмады. Оған қарамастан скөзге аздау қарайтын болды. Машикаларды, пирамидаларды тізіп, ұзақ ойнай беретін.
Дәрігерлер аутизмді бір жасқа дейін анықтауға болады, дейді. Олардың айтуынша, баладағы ерекшелікті 6 айдан 1 жасқа дейінгі уақытта анықтаса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар.
АЙНАЗ ҚАЗБЕКОВА, ҰЛТТЫҚ БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ ТҮЗЕТУ-ӘДІСТЕМЕЛІК БӨЛІМІНІҢ ПСИХОЛОГІ:
Егер де бала бір жасқа дейін өзінің есіміне қарамаса, көзге тік қарамаса, балалармен ойнамаса, ойыншықтарды қатарға тізіп ойнаса міндетті түрде біз невропатологтардың көмегіне жүгінуіміз керек. Одан кейін психолог, психиатр мамандарының көмегіне жүгінуін ата-аналардан өтініп тұрып сұраймыз.
Бұған дейін ғалымдар 100 баланың біреуі аутизммен туады десе, америкалық ғалымдардың соңғы мәліметі бойынша әр 36-бала аутизмге шалдыққан. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсе бермек.
ГҮЛБАНУ УМЕРБЕКОВА, МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ТАЛДАУШЫСЫ:
Негізгі бағыт генетикалық бейімділік, генетикалық бұзылулар. Әзірге аутизмнің қалай пайда болатыны туралы нақты тұжырым жоқ. Әлі зерттеліп жатыр. Болашақта аутизмнің алдын алу, оны емдеу жолы табылады деп ойлаймын.
САМАЛ ӘЛБІЛЕКОВА, "БОЛАШАҚ" КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАРЫНЫҢ КООРДИНАТОРЫ:
Аутизмі бар балалар көптеген мамандардың көмегі арқылы қоғамға бейімделе алады. Кейін мектепті бітіргеннен кейін колледждерге барып, кәсіби мамандық алуға мүмкіндігі туып жатыр.
Мамандардың айтуынша, биыл алғаш рет елорданың колледждерінде аутизмі бар студенттер оқуға түскен. Қазіргі таңда 20 бала мамандық бойынша білім алуда.