$521.9 €593.5 ₽6.39
×

"Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру идеясын қолдады", - А. Балаева

16.04.2025ж. 20:00
330
"Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру идеясын қолдады", - А. Балаева

Қазір цифрлық технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Қуантады әрине. Бірақ, таяқтың екі ұшы бар. Адамдардың ойын, көзқарасы мен санасын қалыптастыруға кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл мәселе әсіресе Орталық Азия елдерінде өзекті. Себебі аймақ халқының 60 проценті – жастар. Астанада өтіп жатқан 2-ші Орталық Азия медиафорумында осындай мәселе көтерілді. Жиынға қатысушылар жасанды интелект, жаһандық медианың дамуы, болашақтың ақпараттық кеңістігін қалыптастыру тақырыптарында ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Бүгін әлемдік медианың белді өкілдері мен басшылары, саясаткерлер мен түрлі сарапшылар Елордада бас қосты. 700-ден астам қатысушы жиналған алқалы жиында Орталық Азияға ортақ ақпарат алаңын құру сөз болды. Аида Балаева Президенттердің бастамасы арқасында бірлескен медиажобалар жасау мен гуманитарлық байланыстарды нығайту жұмыстары жандана түскенін айтты.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтың әлеуеті, осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды, сондай-ақ біздің халықтарымыздың тарихы мен ерекшелігі туралы танымдық теле-радио бағдарламалар топтамасын дайындау идеясын қолдады. Осылайша, қазіргі уақытта Орталық Азия елдері өңірдегі ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен телеарна мен өңірлік медиаплатформаны іске қосу мүмкіндігін қарастыру үстінде.


Соңғы уақытта көршілес Өзбекстанда медиа саласы қарқынды дамып жатыр. Балалар контенті, жастарға тәрбиелік мәні бар жобаларды түсіруге ден қойылған. Шетелдік телеарналардың трансляциясын да тұрғындар үзбей көреді. Былтыр елде Әзербайжан, Қазақстан және Түрікменстан арналарының көрсетілімі басталған.

АСАДЖОН ХОДЖАЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІ ЖАНЫНДАҒЫ АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ КОМММУНИКАЦИЯЛАР АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:


Бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу және ортақ медиаплатформа аясында күш біріктіру қажет. Біз өңірдің барлық елдерінің мүдделерін қамтитын, мәдени диалогты кеңейтетін бірлескен телеарна құру бастамасын қолдаймыз.


Бүгінде Орталық Азиядағы гуманитарлық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Бірлескен медиажобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, Астанада «Euronews»-тің Орталық Азия бойынша өкілдігі ашылды, мәдениет күндері өткізіліп, арналар трансляциясы кеңеюде, креативті индустрия дамып келеді және жалған ақпаратпен күрес жұмыстары күшейтілуде.

ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

"Қорқыт ата" - Орталық Азия елдерінің тарихи мұрасы жайлы деректі фильм. Ал "Қос Қанат" Қырғызстанмен бірлесе жасаған жоба.  Тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауға бағытталған бірнеше жоба жоспарымызда бар. Одан бөлек, Орталық Азияға хабар тарататын телеарнамыз бар. Мұның өзі үлкен жетістік. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз.


Форумға Ұлыбритания, Ресей мен Қытайдың өкілдері де қатысты. Тәжірибе алмасып, ойларын ортаға салды.

ВАН БИН, ҚЫТАЙ МЕДИА КОРПОРАЦИЯСЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ БЮРОСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қытай мен Қазақстан тек сауда саласында ғана ынтымақтастық артып жатқан жоқ. Медиада бірнеше бірлескен жобалар бар. Бірнеше арнамен тығыз жұмыс істейміз. Қазір жасанды интелект жаһанда қарқынды дамып жатыр. Тапсырма берсеңіз түрлі мультфильмдерді, мақалаларды жазып шығады. Бірақ бұл журналистердің, жалпы медиа саласындағы қызметкерлердің орнын басады деген сөз емес.


Шара ертеңде жалғасы. Форумда республикалық және Орталық Азия медиа өкілдері мен жоғары оқу орындары студенттеріне арналған шеберлік сабақтары өтеді. Спикерлер қатарында – Ұлыбритания, АҚШ және Ресейден келген танымал сарапшылар бар.