Астанада еріген қардың астынан адамның мәйіті табылды. Ол-үйі-күйі жоқ азаматтың денесі екені анықталды. Жалпы мұндай жандар қайтыс болса қайда жерленеді? Тағдыр тәлкегіне ұшырап, далада қалғандарды ақтық сапарға кім шығарып салады? Тілшіміз зерттеп көрді.
ДӘРІБЕК БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:
Бұл- Астана маңында орналасқан жаңа зират. Мұнда ұлты мен дініне қарамастан, қайтыс болған кез-келген марқұмды жерлеуге болады. Бірақ, бұл бейітте көбінде аты-жөні беймәлім, іздеушісі жоқ адамдар мәңгілік пана тапқан.
Мұнда 200 ден астам адам жерленген. Оларға арнайы рәсім жасалмайды. Тек қызмет көрсету орталығының мамандары апарып жерлейді. Бұл үшін мемлекеттен бір адамға 53 мың теңге бөлінеді. Және арнайы ереже бар.
ЕРБОЛАТ СМАҒҰЛОВ, АСТАНА АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БЮРОСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ереже бойынша арақашықтық жарты метр қабірлердің, тереңдігі 1,5 метрден кем болмайды. Бас ағашын қойып, аты-жөні болса, аты-жөнін жазамыз. Аты-жөні болмаса нөмермен қойып, журналға тіркеледі.
Көшеде қараусыз қайтыс болған адамға алдымен полицей араласады. Дер кезінде туысын іздейді. Сосын мәйітханаға тапсырады. Айтуларынша, көбіне қанғыбастардың қыстың қақаған аязында барар жер, басар тауы болмағасын денелерін үсік шалып, суықтан қайтыс болады дейді.
ҚАНЫБЕК БЕЙСЕН, БАЙҚОҢЫР АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Егер де көшеде қайтыс болса біз оны морг дейміз ғой жанағы моргке алып барамыз. Ол жерден бірінші полиция туыстарын іздейміз база арқылы. Табылмай қалған жағдайда біз моргке тапсырып ары қарай әкімдік тарапына тапсырамыз.
"Демеу" әлеуметке қосу орталығында дәл осындай іздеусіз 200 ге жуық адам бар. Оған қоса күндізгі және түнгі бөлімге келіп- кететіндері қаншама? Орталық басшысның айтуынша,
былтыр орталықта 18 адам көз жұмған. Биылдың өзіңде 12 адам осында жан тапсырыпты.
СӘУЛЕ ӘБСАДЫҚОВА, "ДЕМЕУ" ӘЛЕУМЕТКЕ ҚОСУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Орталықта қайтыс болған жағдайда міндетті түрде полиция қызметкерлері шақырылады. Ол кісілер моргқа алып кетеді. Ары қарай біздің орталықтың құзіретіне жерлеу рәсімі жатпайды.
Қайтыс болған адамды іздеп келушілер де бар. Алайда, олар жақынын реттік нөмер бойынша ғана таба алады.