Жеңістің 80 жылдығына орай мектептерде ерлік сабағы өтіп жатыр. Отаны үшін от кешіп, опат болған батырлардың ерлігі бүгінгі ұрпақ жадында осылайша қайта жаңғыруда. Оралдағы тәрбие сағаты Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігіне арналды. Оқушылар бейбітшілік үшін жанын құрбан қылған қайсар қыз туралы бейнематериалды тамашалады. Содан кейін жауынгер рухына арналған туындыны орындады, патриоттық әндер шырқалды. Ал жоғары класс оқушылары автоматты қалай бұзып-құрастыратынын көрсетіп, ізбасар іні-сіңлілерін тәнті қылды.
ЖҰМАБИКЕ НАСИПОВА, №12 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Балаларды патриоттыққа тәрбиелеуге, түрлі жарыстарға қатысады, ерлік сабақтарын өткізіп, адал азаматы етіп тәрбиелеуіміз керек. Негізгі мақсатымыз - осы! Жас сарбаз сыныбының түлектері республикалық жарыстарға қатысып, мылтықты құрастыру жарыстарына жүлделі орындардың иелері атанды.
Қарағандыда да “Ерлікке тағзым ету- ұрпақ парызы” рухани- танымдық кездесу өтті. Оны Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұстаздар мен оқушылар ұйымдастырған. Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінде өткен “ Ерлік сабағына” ардагер тарихшылар мен әскери қызметкерлер қатысты. Қонақтар соғыс кезі мен бейбіт заманның батырлары жайында сыр шертті. Ал балалар “Отансүйгіштік” пен “Жеңіс” тақырыбында дайындаған фильм мен арнайы концерттік бағдарламаларымен таныстырды. Қатысушылардың айтуынша мұндай кездесулер жас ұрпаққа үлкен өнеге береді.
ТОЛҚЫН АЯПБЕРГЕНОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАНЫ 6505 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің қыршын жас Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова жастай 18-19 жаста кетті. Солардың бәрін жастарға айтып отырсаңыз үйде де, мектепте де айтса ол есте қалады”.
АЙБЕК ЖАЗТАЕВ, ОҚУШЫ:
Әр адамның ішіндегі патриоттық сезімді оятады деп ойлаймын. +Еліміз үшін, туған жеріміз үшін біз қандай іс- әрекет жасай аламыз, қандай біз көмек көрсете аламыз, соны біз іштей ойланамыз.