$540.87 €632.01 ₽6.76
×

Алматыда Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы қалай өтіп жатыр

AstanaTV
20.03.2016ж. 10:00
Алматыда Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы қалай өтіп жатыр

Мегаполистегі біздің тілшілеріміз сайлау барысын бақылауға алған. Қазір бізбен әріптесім Ришат Асқарбекұлы байланысқа шығады. Ришат, сіз тікелей эфирдесіз.

Ришат Асқарбекұлы, тілші: 

Иә, Ләйлә, қайырлы таң! Алматы жұртшылығы да әдеттегідей сайлауға ертемен қамданып, дауыс беру үшін аумақтық учаскелерге келіп жатыр. Дәл қазір біз Медеу ауданында орналасқан №381 сайлау учаскесінде тұрмыз. Ережеге сәйкес таңғы сағат 7-де алғашқы сайлаушылар өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды. Дәл осы жерден бүгін күні бойы 2800 сайлаушы дауыс береді деп күтіліп отыр. Олар арнайы бюллетеньде көрсетілген партиялар тізімінің ішінен өзі таңдаған саяси ұйымға дауыс береді. Ал екінші сайлау қағазында өз аумағы бойынша мәслихат депутаттығына үміткерді таңдайды.

Тілеухан Баяхметов, сайлаушы:

Осындай барлығымыз бірлігіміз жарасса, Елбасы айтқандай, үлкен табыстарға жететінімізге көзім жетті.

Айта кету керек, өткен жылы Алматы қаласына облысқа қарайтын бірнеше елді мекен қосылған болатын. Сол себепті тұрғындарды тіркеу барысында алғаш қиындықтар болғанымен, аймақтық сайлау комиссиясы бұл мәселені түбегейлі шешкенін айтып отыр. Ол тұрғындарға еш қиындықсыз жергілікті сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруіне жағдай жасалған. Сондай-ақ биылғы электораттық науқанды ұйымдастыру кезінде материалдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Әрбір азамат Алматы қаласының ресми сайтынан немесе барлық аудандарда жұмыс істеген call-орталықтардан өзінің қай жерде дауыс беретінін алдын ала біліп отырады.

Ерұлан Жиенбаев, Алматы қаласы №250 сайлау учаскесінің төрағасы:

Сағат таңғы 7-де Қазақстан гимнін ойнатып  ресми түрде сайлау учаскесін аштық, 7 болмай ата-әжелеріміз, ақсақалдарымыз келіп кезекке тұрып, сайлауды бірінші, екінші болып беріп жатыр.

Биыл Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау құқығына қалада 1 млн 38 мың адам ие. Қала бойынша 37 округтік сайлау комиссиясы мен 532 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Алматы қаласы мәслихаты үшін берілген 37 мандатқа қазір 100 үміткер өтініш білдірген. Ал шаһарда сайлау үрдісінің заңдылығын қадағалау үшін 70-тен астам халықаралық бақылаушылар келген.

Жанна Асанова, Алматы қалалық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Дауыс беру заңға сәйкес өтіп жатыр, ешқандай заң бұзушылық тіркелмеді.

Ал Алматы облысында жергілікті мәслихатқа 44 мандат берілген. Сайлау учаскелерінің саны - 931. Алматы облысы - сайлауда дауыс беру белсенділігі жөнінен көшбасшы аймақтардың бірі.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Бүгін сондай-ақ шаһардағы ең қарт сайлаушы да дауыс беруге келді. 100 жастағы актриса Хабиба Елебекова ел болашағы үшін өз таңдауын жасады. Жалпы қалада саяси науқан мерекелік көңіл күйде өтіп жатыр. Ауа райы салқын болса да, бүгін сайлаушылардың ертемен сайлау учаскелеріне көптеп келуі байқалады. Менде әзірге  бар ақпарат осы.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ