Теміртауда жедел жәрдем қызметкеріне әріптесі шабуыл жасаған. Ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады turkystan.kz.
Оқиға 13 сәуірде Теміртау қаласының жедел жәрдем қосалқы станциясының аумағында болған. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының әкімшілігінен хабарлағандай, екі әріптес арасындағы жанжал жұмысқа қатысты туындамаған.
«Екі қызметкер арасындағы даулы оқиға олардың кәсіби міндеттерін орындау кезінде және жұмыс барысына қатысты болмаған. Әріптесіне шабуыл жасаған қосалқы станция қызметкері кезекті еңбек демалысында жүрген. Ол қызметтік үй-жайлар аумағына заңсыз кіріп кеткен», - деп түсіндірді мекемедегілер.
Қазіргі уақытта әріптесіне шабуыл жасаған азамат ұсталды және оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Теміртау қаласының 30 жастағы тұрғынына дене жарақатын салу фактісі бойынша 29 жастағы күдікті ұсталды және полицияға жеткізілді. Аталған оқиға бойынша сол күні қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккен қызметкердің емдеу курсы аяқталғаннан кейін сараптамалар тағайындалады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде оқиғаның мән-жайын, сондай-ақ құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр», - деп хабарлайды Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Жедел жәрдем қызметінің әкімшілігі де ашуға бой алдырып, тәртіп бұзған қызметкерін жауапқа тартпақ.
«Кезекті еңбек демалысы аяқталғаннан кейін қосалқы станция әкімшілігі аталған қызметкерге қатысты тәртіптік сипаттағы қатаң шаралар қабылдайды. Зардап шеккен фельдшерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. ОЖМЖС әкімшілігі оның құқықтарын қорғауға жан-жақты көмек көрсетеді», - деп толықтырды облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы.