Қазақстан АҚШ-қа жауап ретінде баж салығын көтермейді. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова Сенат кулуарында мәлімдеді. Өйткені АҚШ-тың баж салығы Қазақстанның Америкаға экспорттайтын тауарларының небәрі 5%-ына ғана әсер етеді. Ал экспорттың негізгі бөлігі ашық күйінде қалып отыр. "Сондай-ақ Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан, тарифтерді біржақты өзгерту мүмкін емес" деді құзырлы орган өкілі.
ЖАНЕЛЬ КҮШІКОВА, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Біздің белгілі бір міндеттемелеріміз бар және бес мемлекетке ортақ кедендік тариф қолданылады. Яғни, егер қандай да бір баж салығы өзгеретін болса, ол бес елдің бірлескен шешімімен ғана жүзеге асады. Қазіргі таңда мұндай мәселе қарастырылып жатқан жоқ.