$516.16 €584.86 ₽6.25
×

Павлодар облысында тұрғындар жұмысқа, оқуға бару үшін вагон астымен өтуге мәжбүр

17.04.2025ж. 20:00
93
Павлодар облысында тұрғындар жұмысқа, оқуға бару үшін вагон астымен өтуге мәжбүр

Павлодарлықтар вагонның астымен өтіп, жұмысқа, сабаққа барады. Ақсу қаласына қарасты Черемушка елдімекенінің халқы ширек ғасырдан бері теміржолды кесіп өтеді. Өйткені, жаяу жүргіншілерге арналған өткел жоқ. Амалы таусылған тұрғындар арнамызға шағымданды.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Ақсу қаласының іргесіндегі Черемушка ауылының халқы күн сайын басын осылай қауіп қатерге тігеді. Өйткені, жұмысқа, оқуға бару үшін жүк вагондары мен пойыздың астынан өтуге мәжбүр. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған теміржол өткелі қарастарылмаған.


Шағын аудан тұрғындарының бұл мәселені көтеріп келе жатқанына ширек ғасыр уақыт болды. 2000 жылдары  Ақсуға теміржол салынғанда басталған. Сол кездегі билік жол салғанмен көпір салуды ұмытып кетсе керек. Соның зардабын тұрғындары әлі тартып келеді.

ҚАЙРАТ ЖАҚЫПОВ, ЧЕРЕМУШКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Астынан жүреміз вагонның үстінен жүреміз. Вагондар жүріп жатады. Жұмыстан қалып бара жатасың, ол кезде өте алмай қаласың. Қайта қайтып кетесің. Жүре алмайсың. Өткел керек бізге теміржолға.


Елдімекенде мектепте те жоқ. Сол себепті оқушылар сабаққа бару үшін теміржолды кесіп өтуге мәжбүр. Ата-аналар балаларын оқуға жалғыз жіберуге қорқады.

ӘЛИЯ ЖАНДЕКЕНОВА, ЧЕРЕМУШКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кей кезде пойыздар тұрмайды. Кей кезде болады. Амал жоқ балалар да, бізде пойыздың астымен өтетін боламыз. Неге? Өйткені діттеген жеріне жету үшін сол уақытқа дейін сол пойыз арқылы өтуге тура келеді. Кей кезде жүріп қалады деп қорқамыз енді.


Заң бойынша  теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өтуге болмайды. Тіпті, сол үшін тұрғындарға айыппұл да салынған. Алайда, басқа жүрер жол болмағасын вагондар тоқтап тұрған кезде астынан жүруге тура келеді.

ТАЛҒАТ БОТАБАЕВ, АҚСУ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ЖОЛ ШЕБЕРІ:

Бізде халық өтетін жол қарастырылмаған. Біз ескерту жасап жүрміз. Желілік полиция қызметкерлерімен қоса шығып, түсініктеме жұмыстарын жүргіземіз. Өте қауіпті мынау расында. Астынан өтіп жатады. Ұстап алып жатамыз. Түсінесіздер өте қауіпті.


Ақсу қаласының әкімдігі мәселені шешуге қаржы қол байлау болып тұрғандығын алға тартады. Айтуларынша, өткел жобасы жасалынып, сараптамадан өткен.

ЭЛЬМИРА САПАРҒАЛИЕВА, АҚСУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

2024 жылы мемлекеттік зерттеуден өтті. Былтыр жіберілді облыстық құрылыс басқармасына. Бірақ, өкінішке орай қабылданған жоқ. Биыл тағы жібереміз. Жобаның құны 1 млрд. асады. Жергілікті органдардан ондай қаражат бөлінбейді өкінішке орай. Облыстан ғана күтеміз. Республикалық немесе облыстық  деңгейде.


Мәселенің жақын арада шешілетін түрі жоқ. Биылғы бюджет мақұлдауынан қалып қойса, келесі жылды күтетін болады. Ал түйінді түйткіл тарқатылғанша,  тұрғындардың «жанын шүберекке түйіп» жүре тұруына тура келмек.