$516.16 €584.86 ₽6.25
×

Алматы облысы Райымбек ауданының 30 мың тұрғыны тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілді

AstanaTV
17.04.2025ж. 20:00
98
Алматы облысы Райымбек ауданының 30 мың тұрғыны тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілді

Алматы облысы Райымбек ауданының 30 мың тұрғыны тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Райымбек электр тарату ауданының қалыптасу тарихы 45 жылға таяп қалған. Мұнда қаншама уақыт бойы 7 бөлімше тұтынушыларға электр энергиясын беріп келген.

«Алатау Жарық компаниясының» кезекті филиалы Райымбек ауданы  Текес ауылында ашылды. Бұған тұрғындар қуанышты.  Өйткені, халық бұған дейін жарыққа өтелген төлем бойынша түбіртектер мен салыстыру актілерін тексеру үшін 100 шақырым қашықтықта орналасқан Кеген ауданына барып, біраз әуреге түсетін.

БЕРІК ДҮЙСЕНБАЕВ, РАЙЫМБЕК АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Райымбек электр тораптары аудан тұрғындарын үздіксіз электр қуатымен және 72 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған стратегиялық маңызы жоғары құрылым болып табылады. Аудан халқы үшін маңызды мекеменің Текес ауылына қоныстанып жатқаны біз үшін зор қуаныш. «Алатау жарық компаниясының» АҚ электр желілерін сенімді жұмыс істеуіне және жаңа энергетикалық нысандардың салынуына өз үлесін қосып келеді.


Жаңадан құрылған Райымбек электр тарату ауданының қызмет көрсету аумағы -14 200 шаршы шақырым. Мұнда 8 қосалқы станция бар.

НҰРДІЛЛӘ ӘБІЛҚАСЫМОВ, «АЛМАТЫ ЖАРЫҚ КОМПАНИЯСЫ» АҚ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Аудандағы электр желілері станциясын ашудағы мақсат – осы өңір тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту. Қазіргі таңда Райымбек электр тарату ауданы автокөлікпен және қажетті штатпен толық қамтамасыз етілген. Бұрын бөлімше Кеген аудандық филиалының бір бөлігі ретінде қызмет атқаратын. Ал енді Райымбек ауданы үшін жеке құрылымдық бөлімше ретінде жұмысын бастап жатыр.


Бүгінде «Алатау Жарық компаниясы» Алматы өңірінде 4 миллионнан аса тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Текес ауылында ашылған жаңа бөлімше тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетсе, аймақтың энергетикалық әлеуеті одан әрі дами түспек.