Астанада аквариумистика саласы бойынша екінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Оған Қазақстаннан бөлек Ресей, Индонезия және басқа да мемлекеттердің ірі ғылыми орталықтарының өкілдері қатысып жатыр. Екі күнге созылатын шарада мамандар ихтиология және балық өсіру бойынша өз тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ жастарды осы салаға тарту мәселесі де қарастыралады. Ауқымды шараның бастамашысы -аквариумистика әлемінде ерекше орыны бар қазақстандық «Ailand» отбасылық ойын-сауық орталығы. Толығырақ тілші бейнематериалында.
Жиында аквариумистиканың дамуына үлес қосып жүрген ғалымдар балықтардың жасанды өсімін молайту, аквамәдениетті дамыту және теңіз жануарларын күтіп-ұстау туралы зерттеулері мен жобалары туралы баяндады. Ал елордалық «Ailand» океанариумының мамандары медузалар мен гидробионттардың өзге түрлерін табысты өсіру тәжірибесімен бөлісті.
АРМАН МАХАНОВ, «AILAND» ОТБАСЫЛЫҚ ОЙЫН-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Соңғы жылдары біз су жануарларын жасанды түрде өсіретін көптеген компанияларды жиі кездестіріп жүрміз. Біздің мақсатымыз оларды әлемдік өндіруші компаниялардың тәжірибелерімен таныстыру. Біз осы шара аясында аквамәдениетті дамыту мәселесін қозғаймыз. Экологиялық талаптардың дұрыс сақталмауынан балықтардың қырылып қалатыны жасырын емес. Сондықтан осы конференцияда біз барлық мәселені шешуге тырысамыз.
Санкт-Петербург океанариумының жетекші маманы Олег Юнчис акулаларды емдеу туралы өзінің зерттеулері мен практикалық ұсыныстарын ортаға салды. Бас ихтиопатолог жасанды ортада күтіп-бағуы күрделі балық түрлерін диагностикалау мен емдеудің тиімді әдістерін ойлап тапқан.
ОЛЕГ ЮНЧИС, САНКТ-ПЕТЕРБУРГ ОКЕАНАРИУМЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ, БАС ИХТИОПАТОЛОГ:
Океанаруимға түсетін кез келген теңіз балығы сырқат тудырушы болып табылады. Егер олар теңізде жүрсе, аурудың тарағаны білінбейді. Өйткені онда биологиялық тепе-теңдік сақталады. Ал океанариумға түскен кезде бәрібір табиғи жағдай жасай алмайсың. Сондықтан балықтарды халық тамашалауға келген кезде емес, жабық ортада, яғни карантин кезінде емдеп алу керек.
Мамандардың айтуынша, бұл конференция аквамәдениет саласындағы кәсіби мамандардың басын қосып қана қоймай, Қазақстан ғылымының дамуына, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ ғылыми және коммерциялық жобалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.