Ақтөбелік Бота Қаржауова бір күні 6 жасар баласының балабақшадағы қызға өзінің алтын сақинасы сыйға тартылып кеткенін біледі. Алайда келіншек қыздың анасына хабарласқанда сақина туралы білмейтінін айтқан. Әйел әлеуметтік желіде осы жағдайды баяндап, бұған не күлерін, не жыларын білмей, қазақстандықтардан кеңес сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бота Қаржауова өзінің 600 мың теңгелік сақинасының кішкентай қызға баласының сыйлағанын білген кезде сәл абдырап қалған. Келіншектің сөзінше, бұл оның қобдишасындағы ең құнды заты болған.
"Көңіл күйім өте қатты түсіп тұр... Жылағым келіп тұр. Ақтөбеде тұрған кезімізде, бірнеше ай бұрын, 6 жасар ұлым балабақшадағы бір қызға сақина сыйлағанын білдім... Менің жалғыз асыл бұйымым – қобдишада жатқан гауһар тасты сақинам! Балам осы жақтың "олигархы" өзі. Мұны тек кеше білдім. Қыздың анасымен хабарласқанымда ол "сақина бізде жоқ, қызым ештеңе әкелген жоқ" дейді. Бірақ қыздың өзі ашық мойындап отыр. "Иә, Арлан маған сақина сыйлады" деп айтты. Сақинаның құны шамамен 600 мың теңге. Мұндай жағдайларда не істеуге болады?.. Бұл бір жағынан оғаш, бір жағынан өкінішті жағдай болып тұр. Тіпті күлкілі де сияқты...", – деді ақтөбелік ана.
Оқырмандардың бірі інісінде де дәл осындай жағдай болғанын айтады. Дегенмен бұл оқиғада қыздың анасы сыйлықты қайтарып бергісі келсе де, ұлдың анасы бұл ұсыныстан бас тартқан.
"Бауырымызбен де осындай қызық оқиға болған еді. Інім де солай, сақина алып, өзіне ұнаған қызға сыйлапты. Шамамен 2-3 сыныпта оқитын кезі. Қыз үйіне барып, анасына сақинаны көрсеткен кезде анасы бірден кім сыйлағанын түсініп қояды. Сосын бауырымның ата-анасына хабарласып, жағдайды айтыпты. Өйткені мұндай сыйлықтар 2-сыныпта берілмейтінін жақсы түсінеді. Ақырында біздің жақ "иә, білеміз" деп, мойындағанымен, әлгі қыздың анасы сонда да сақинаны қабылдаудан бас тартыпты. Міне, осындай адал, жауапкершілігі жоғары ана тап болды бізге", – деп жазды _euphoria_rai есімді желі қолданушысы.
Бұл оқиғаға басқа әйел сақина жоғалғанын білсеңіз, бірден арыз жазу керек екенін айтады. Әйел қыздың анасы ломбардқа өткізіп жіберуі мүмкін екенін алға тартады. Оқырман, әсіресе, осындай жүрегі жұмсақ балалары бар үйде құнды заттарды қол жетпейтін жерге тығып қою керек екенін ескертеді.
"Енді қайтесіз, бала ғой... Мүмкін, қыздың анасына айтсаңыз, сақинаны іздеп көруге тырысар. Бірақ табылуы екіталай, өйткені кішкентай қыздың қолынан жоғалып кетуі де мүмкін. Жоғалып кетсе, өкінішті, әрине. Бұйыртса, балаңыз есейгенде осы оқиғаны еске түсіріп, "Анашым, міне, саған шын бриллиантпен сақина" деп, өзі сыйлап тұрса, қандай керемет болар еді, иә?" – деп жазды желі қолданушысы.
Тағы бір қазақстандық әйел өзінің сақинасын 2 жылдан кейін унитаздан тауып алғанын айтып күліп алады. Оның ол жаққа қалай түскенін білмейтінін және "бұйырған нәрсе кетпейтінін" айтып берді.
Ал басқалары ақкөңіл баланың қылығына кешіріммен қарап, осы жағдайдан сабақ алу керек екенін айтады.