Алматы қаласында дрифт жасаған жүргізуші әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алматы қаласында "Сергек" бейнебақылау жүйесі арқылы оңтүстік бағыттағы Құлжа тасжолының Рысқұлов көшесімен қиылысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегі тіркелді.
Атап айтқанда, BMW көлігінің жүргізушісі қауіпті маневр жасап, дрифт элементтерін орындау арқылы апаттық жағдай туғызған.
Полицейлер жүргізушінің жеке басын шұғыл анықтап, оны жауапкершілікке тартты. 21 жастағы азаматқа қатысты маневр жасау ережелерін бұзу, төтенше жағдай туғызу және ұсақ бұзақылық фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
– Әр жүргізуші қаламыздың көшелері – жарыс алаңы емес екенін түсінуі тиіс. Мұндай жауапсыз әрекеттер тек заң бұзушылық болып қана қоймай, айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіреді. Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтың алдын алып, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау. Ережені елемеген әрбір азамат заң алдында жауап беретін болады, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.