Трамптың шыдамы сарқыла бастады. Ресей мен Украинаның бітімге келуі үшін шырылдап жүрген АҚШ Президенті бұл идеядан бас тартуы әбден мүмкін. Екі ел арасындағы соғысты тоқтату мәселесін талқыға салу үшін Парижге барған мемлекеттік кеңесші «Бұл біздің соғыс емес» деп қайырды. Толығырақ Мөлдір Жақан жалғастырады.
Қайырлы кеш! Эфирде "Жер-жаһан" айдары.
Ақ үй басшысы Ресей мен Украинаны татуластырудан шаршаған тәрізді. АҚШ-тың мемлекеттік кеңесшісі Марко Рубио «келіссөздер мәңгіге созылмайтынын» жеткізді. Бұл туралы ол Париждегі Ресей-Украина соғысын тоқтатуды алға ілгерілету мақсатында өткен кездесу барысында айтты. Сөзінше, жақын арада оң нәтижелер болмаса, АҚШ екі елді бітімге келтіру жолындағы талпыныстарын доғарады. Осы орайда Марко Рубио еуропалық әріптестерді белсенділік танытып, істің алға жылжуына атсалысуға шақырды.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
Біздің назар аударатын басқа да міндеттеріміз бар. АҚШ Украинаға соңғы үш жыл бойы көмектесті. Біз соғыстың аяқталғанын қалаймыз, бірақ бұл біздің соғыс емес. Қазір бұл мүмкіңн бе, жоқ па, наөты шешіп алатын уақыт келді.
Ресей мен Украинаның келісімге келуіне күмән келтіре бастағанымен, Трамп Еуроодақпен сауда мәмілесін жасайтынына 100% сенімділік танытып отыр. Оған шамамен 3-4 апта көлемінде уақыт қажет дейді. Бұл туралы ол Вашингтонға келген Италия премьер-министрі Джорджа Мэлонимен кездесу барысында айтты. Тарифтер мәселесін талқылауды мақсат тұтқан Мэлони АҚШ-ты сенімді серіктес деп атады. Тіпті, Батысты бірлесіп қайта өркендетеміз деген пікір білдірді.
ДЖОРДЖА МЭЛОНИ, ИТАЛИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біз түбі екі жаққа да оңтайлы келісім орнататынымызға сенімдімін. Трамп жақын арада Римге келіп, басқа да еуропалық көшбасшылармен кездесуге ниетті. Атлантиканың екі жағасы арасында бірқатар мәселе бар, оны шешетін кез келді.
АҚШ Йеменнің батысындағы Рас-Иса портына екі әуе соққысын жасап, түгін қалдырмады. Салдарынан 38 адам қаза тапты. Жүзден астамы зардап шекті. Аль-Джазира телеарнасы мұны АҚШ тарапынан жасалған ең ауқымды соққы екенін жеткізді.
Құрметті көрермен, мендегі ақпарат осы. Кештеріңіз көңілді өтсін, амандықта жүздескенше!