«Бұл – ұят нәрсе». Балалардың тамақтан жаппай ұшыну деректері азаймай тұр. Былтыр 400-ден аса оқушы, биыл 42 бала зардап шеккен. Жаңаөзенге жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын сынады. Өңірдегі кемшіліктерді атап, Үкіметке өрескел олқылықтарды дереу реттеуді тапсырды. Жетістік бар болса да, кемшілік аз емес деген Президент білім, экология, ауыз су мәселесін майшаммен қарау керек екенін шегеледі. Бұдан да өзге пәрмендер туралы әріптесім Аружан Задабек толықтырады.
Президент Ақтаудағы жұмыс сапарын көтерме сауда-тарату орталығынан бастады. Аумағы 80 мың шаршы метр болатын бұл кешенде 40 мың тонна өнім сақтауға болады. Жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Мемлекет басшысы осыдан кейін Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аумағында орналасқан технология паркі мен BS Arena спорт кешенінің жұмысымен танысты.
Облысқа соңғы екі жылда 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Аймақ тұрғындарының саны өсті. Қазір мұнда 800 мыңнан аса адам тұрады. Халық артқан сайын ауыз су мәселесі күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Бұған Президенттің арнайы тоқталуы бекер емес. Қаладағы су құбыры желісі әбден тозған. Бұл, сәйкесінше, ауыз су тапшылығын туындатып отыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Су тапшылығы – күніне 23 мың текше метр. Қазір су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр. Кендірлідегі жоба іске қосылған соң, Жаңаөзен қаласының, Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдық округтерінің тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл жобаны кешіктірмей, дер кезінде, яғни, мамыр айында аяқтау керек.
Жылумен қамту саласында да түйткіл аз емес. Былтыр Ақтауда ұзындығы 12 шақырым жылу желісі салынып, жаңғыртылған. Мемлекет басшысы осы жұмысты әрі қарай жалғастыруды тапсырды. Тұрғын үйге қатысты да міндет жүктеді. Өткен жылы облыста 846 мың шаршы метр үй салынған. Бұл – жоспардан 20 пайызға артық десек те, әбден ескірген баспана саны азаяр емес.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Маған түскен ақпарат бойынша Ақтауда үлескерлер қаржы салған 6 үйдің құрылысы бітпей тұр. Орынсыз, яғни бей-берекет салынған құрылыс нысандары да бар. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет әкімдікпен бірге нақты шаралар қабылдауы керек.
Қазір облыста 77 мың шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істейді. Олар 150 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Былтыр кәсіп иелері шығарған өнім көлемі 270 миллиардқа өсіп, 2 триллион теңгеге жетті. Бизнестің дамығаны жақсы ғой. Бірақ өңірде бұдан да маңызды мәселе жетіп артылып жатыр. Мәселен, аймақтағы полигондарда 200 мың тоннадан астам қоқыс жиналып қалған. Білімге қатысты да түйіткіл көп. Балабақшада орын тапшылығы әлі күнге дейін жойылмапты. 3,5 мыңға жуық бүлдіршін кезекте тұр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Былтыр мектептегі білім деңгейін бағалау үшін облыста арнайы тест өткізілді. Оған қатысқан балалардың 37 пайызының білімі төмен екені анықталды. Былтырғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері де мәз емес. 1,5 мыңға жуық бала, яғни, 20 пайызы оқуға түсуге қажетті ең төменгі балдың өзін жинай алмаған.
Жетістік те жоқ емес. Аймақта нәресте өлімі азайған. Қатерлі ісік дертіне шалдыққандар саны да кеміп келеді. Бірақ онкологиялық ауруын асқындырып алған адамдар әлі де көп. Бұған қоса, облыста жедел жәрдем бригадалары жетіспейді.