$516.16 €584.86 ₽6.25
×

Түркістан облысындағы Тұрбат ауылының тұрғындары түтінге тұншығып жүр

Түркістан облысындағы Тұрбат ауылының тұрғындары түтінге тұншығып жүр

«Таудың етегінде тұрғанмен таза ауаға зармыз!». Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылының тұрғындары көк түтінге тұншығып отырмыз деп арнамызға арыз айтты. Айтуларынша, тынысты тарылтып тұрған - күннен күнге көбейіп жатқан жылыжай шаруашылықтары. Кәсіпкерлер қоршаған ортаны қасақана бүлдіріп жатыр деп ашынды. Ал аудан атқамінелерінің уәжі қандай? Тараптарды әріптесім Айзада Төребекқызы тыңдап қайтты.

Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылдық округінде 111 гектар жерді алып жатқан жылыжай бар. Көктем шыққанмен жылыжайды әлі де көмір жағып жылытады. Осылайша күн ысығанға дейін жалғасады.

ҚҰРАЛБАЙ ҚАРШЫБАЕВ, ТҰРБАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Теплицадан шаршадық. Октябрьдің 15-нен бастап апрельдің 15-не дейін тұншығып, жүре алмай қалдық. Есік-тесіктерді тұмшалап отырамыз бәріміз, балаларымыз.  Кешке жел тұрғанда далаға шыға алмаймыз. Көмірқышқыл газбен уланып біттік бәріміз.


Тұрбат ауылдық округінде 12 мыңға жуық адам тұрады. Жұрт жылыжайлардың түтінінен бөлек қоқысы да қоршаған ортаны ластап жатқанын айтады. Қалдықтар тиісті орындарға жеткізілмейтін көрінеді.
 
МАРЖАН БАЙЫМБЕТОВА, МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:

Мысалыға мен мектептемін, қаншама балалар инсульт алып жатыр. 7-сыныптың баласы дәл осы ауылдың баласы инсульт алған. Қазір ол үйде оқып жатыр. Көп балалар жара шығады. Аллергия бар. Экологиядан деп ойлаймын. Мысалыға бұл кісілердің жағып жатқан жылыжайларының барлығының көмірі ол қоқыс аймағына тасталынбайды. Оны да барып мен көріп келдім.  

 
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жылыжайды кәсіп қылғандар қазір елдімекендегі жайылымдық жерлер мен қыраттарға да ауыз сала бастапты. Қырды меншіктеп алғандардың кейбірі арнайы техникамен тегістеп, жер қыртысын бүлдіріп жатыр. Оларға әл-әзір тоқтам болмай тұр дейді жергілікті халық.  


ЕРАЛХАН ТҰҢҒЫШБАЕВ, ТҰРБАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Метрге дейін қырып тастаған. Мынау төбе еді. Бұны да тегістеп тастаған, теплица істеп... Жерді сатып жатыр, сатып жатыр. Шетінен сатып жатыр. Бізге істеп берсін  мынаны түтін шығатын ғып ана жақа қарай ма, мына жақа қарай ма... или көшіріп жіберсін ауылды.


Ауыл әкімдігінің жауапты мамандары жылыжай иелеріне түтінге қарсы арнайы құрылғы орнатып, қоршаған ортаны ластамау туралы бірнеше рет ескерту бергендерін жеткізді. Бірақ оған құлақ асқандар болмапты.  

САҒАДАТ ТӨЛЕ, ТҰРБАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМДІГІНІҢ ЖЕР МАМАНЫ:

Біз қазіргі тарапта анықталған 4 шаруа қожалығы бойынша жер қатынастары бөліміне жазғанбыз аудандық. Жер қатынастары бөлімінен ешқандай әрекет болмағандықтан, Түркістан облыстық жер ресурстары департаментіне жаздық. Түркістан облысынан егер бізге жауап болмаған жағдайда, комитетке шығамыз, жер ресурстарын басқару комитетіне.


СӘБИТ ӘЛСЕЙІТОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Теплица салу үшін жер тегіс болмаса тағы болмайды. Ол жағы да бар да енді. Екі жағы да бар. Бір шетінен ауданға инвестиция да керек. Теплица да керек. Оның бәрін білесіздер, показатель керек ауданға.


Аудан әкімдігінің өкілі алдағы уақытта жылыжайлар арнайы аумақта салынады деп қайырды. Оған 60 гектар жер бөлінгенін айтты. Құрылыс аяқталған соң талапқа сай келмейтіндері сонда көшірілетін көрінеді. Ал оған дейін жергілікті биліктен қайыр жоқ деген тұрбаттықтар экология департаментіне арызданды.