$516.16 €584.86 ₽6.25
×

"Офицер болу арманым", - курсант

AstanaTV
18.04.2025ж. 20:00
493
"Офицер болу арманым", - курсант

Полиция – тәртіп пен тыныштықтың тірегі. Бейнесін осылай елестетеміз. Негізі тәртіп сақшысы болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Оны офицерлер төрт жыл үйренеді. Курсанттық өмірдің қалай өтетінімен әріптесім Жомарт Түзелбай танысты.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:


Сіз полиция офицері қайдан шығатынын білесіз бе? Академиядан. Бүгін мен бір күн курсант болуға тырысамын. Осы Алматы академиясында.


Бір бұйрық – бірдей қимыл. Курсанттар үшін әскери тәртіп – күнделікті өмір салты. Алматы академиясындағы әрбір күн осылай таңғы 6-да жүгіруден басталады. Курсант үшін бұл – тек физикалық жаттығу емес, тәртіпке бейімделудің алғашқы қадамы.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Мен үшін сергек таң кофемен атушы еді. Ал мұнда 3 шақырымдық жүгіріс екен. Бұл тек таңғы жаттығу.


Академияда білім алу – болашақ полицей үшін өте маңызды. Мұнда қылмыспен күрес, құқық нормалары, психология, киберқауіпсіздік сынды 40-қа жуық пән оқытылады. Түлектер тек лейтенант шенімен ғана емес, нақты біліммен де қаруланады. Барлығы тегін.

ЕЛНАР ЖАҚИЯНОВ, ҚР ІІМ МАҚАН ЕСБОЛАТОВ АТЫНДАҒЫ АЛМАТЫ АКАДЕМИЯСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Біздің Алматы академиясына оқуға келген курсанттар 4 жыл оқып бітіргеннен кейін полиция арнайы лейтенант атағын алады. Одан бөлек өздерінің жәнегі оқыған мамындықтары бойынша арнайы дипломдарын алып, 100% есебінде мемлекеттік тараптан жұмысқа қамтылады.


Тактикалық дайындық – курсант өмірінің ажырамас бөлігі. Мақсат – шынайы жағдайларға толық дайын болу. Қару ату, төтенше жағдайларда әрекет ету – барлығы үйретіледі.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Қару ату да мен ойлағандай оңай емес екен. Бұл адреналин, дәлдік және ең бастысы үлкен жауапкершілік.


Казармалық тәртіп – болашақ офицерді шыңдайтын орта. Жеке бастың еркіндігінен бас тартып, ортақ тәртіпке бағыну – курсанттар үшін нағыз сынақ. Бірақ осы сынақтан өткендер ғана нағыз полиция бола алады.

САМҒАТ АХАТ, КУРСАНТ:

Алматы академиясында оқу болашақта полиция болу менің бала күнгі арманым еді. Сол арманымның жолында жүрмін. Бұйырса Алматы академиясының 4 жылын оқып бітірсем  еліме адал қызмет етіп кибер саласындағы қылмыскерлерді ұстап, елімді әрмен қарай дамыту.


Бір күндік курсант өмірінде түсінгенім, полиция формасы – жай ғана киім емес, ол – жауапкершілік пен сенімнің символы. Бұл жолға түскен әр курсант тәртіпке бағынып, елге адал қызмет етуге ант береді. Ал болашақтағы ел тыныштығы – осында шыңдалатын мамандардың қолында.