$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Еселенген түбіртек келсе коммуналдық қызмет орындары мен мемлекеттік органдарға жүгіну керек

AstanaTV
18.04.2025ж. 20:00
238
Еселенген түбіртек келсе коммуналдық қызмет орындары мен мемлекеттік органдарға жүгіну керек

"Бір айда коммуналдық қызметке 75 мың теңге төледім".  Күрт өскен тариф бағасына жұрт наразылық білдіріп жатыр. Айтуларынша ешбір келісім мен ескертусіз төлем еселеп қымбаттаған.  

Әлеуметтік желідегі осы жазбаның астына өзгелер де 1 айда 40-50 мың теңге шыққанын жазған. Мән-жайды автордың өзінен сұрадық.

ГҮЛНҰР ИМАНҒАЛИ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Одан бұрын 25-30 мыңдай шықты максимум, қазір 75 мыңдай, 2 есе шықты. Хабарластым, біздің ЖК-ға да жаздым, бірақ олар нақты жауапты бермеді, ешкім өйтіп бермеді, айтпады. Айтты “жай ғана квитанция жағынан қарасаңыз болады” деп. Әлі төлемедім шынымды айтсам, әлі ойланып тұрмын да қалай былай шықты.


Бағаның күрт көтерілгені астаналықтарды да таңғалдырды. Көбі бұған наразы.

БЛИЦ:

- 18-20 төлегенбіз. Уже көбейіп кетті. 36 мың ба, сондай кеп тұр.
- 20 мыңнан артықтау төледік, алдында 14, 13, сөйтіп аздау болатын.
- Жүз есе қымбаттады, мың есе қымбаттап жатыр енді. Құлақтары естісе қымбаттай береді, не істейміз енді.


Коммундалдық тарифтер бағасының көтерілуіне елдегі инфляцияның өсуі, жұмысшылардың жалақысы мен шикізаттың қымбаттауы себеп. Өндірістік шығындардың артуы мен инженерлік желінің ескіруі де әсер етеді. Бұның бәрі тарифтен түскен төлемге тәуелді.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Қазақстан бойынша 65-70%-ға жуық инфрақұрылымдар, яғни су желілері дейміз, жылу, басқа да электр желілерінің 60%-ына жуығы ескірген. Біз оны мемлекеттің қаражатымен толыққанды, 100% жаңалап аламыз деген мүмкін емес.


Ал бағаға бақылау жасайтын комитет өкілдері тарифтің күрт қымбаттауы мүмкін емес дейді. Ондай түбіртек кеп тұрса техникалық ақаудан немесе адами фактордан болуы мүмкін.

НҰРЛАН БОЛАТБАЕВ, ҚР ҰЭМ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ай сайын мысалы тұтыну көлемінен айтарлықтай өсіп кететін болса, әрине, бұл жерде шамалы бір анықтау керек болады. Мүмкін бұл жерде тұтыну көлеміндегі бір ақаулықтар кеткен. Контроллердің дұрыс есебі болмауы мүмкін. Болмаса өздігінен жаңағындай көлемдер дұрыс бермеу. Одан басқа енді ресми түрдегі тарифтердің қымбаттауы да яғни ондай айтарлықтай 2-3 есе болмайды.


Демек еселенген түбіртек келсе коммуналдық қызмет орындары мен мемлекеттік органдарға жүгіну керек, мәселе сонда шешіледі. Инфрақұрылымдар әбден тозғандықтан Үкімет “Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту” ұлттық жобасын бекітті. Яғни алдағы 5 жылда тарифтердің баяу қарқынмен қымбаттауы жалғаса бермек.