Маңғыстау облысында балалардың жаппай улануынан кейін мектеп асханаларына жоспардан тыс тексеріс басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мәлім еткендей, тексеріс жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы мен Бас прокуратурамен келісім бойынша қолға алынған. Мақсат – мектеп асханаларындағы санитарлық талаптардың орындалуын бақылау және оқушылардың қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз ету.
Бүгінге дейін жоспарланған 72 нысанның 14-і тексеруден өткен. Аталған жұмыстар аясында Білім министрлігі, Бас прокуратура және еліміздің әр өңірінен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары қатысатын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.
«Денсаулық сақтау министрлігі атынан жұмыс тобына Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық департаменттерінен және Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының ғылыми-тәжірибелік сарапшылары тартылды», – деп хабарлады ведомство.
Еске салсақ, 2025 жылғы 1 сәуірде Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы Манашы ауылында 11 оқушы аудандық ауруханаға құсу мен әлсіздік белгілерімен түскен болатын. Қажетті медициналық тексеруден кейін балалардың жағдайы жақсарған, ауруханаға жатқызу қажет болмаған. Қазір тексеріс жұмыстары жалғасып жатыр. Мектеп асханаларындағы санитарлық ахуал мен тағам қауіпсіздігіне байланысты бұзушылықтар анықталған жағдайда, тиісті шаралар қабылданады.