Бітімгерлер Голан жотасынан Қазақстанға оралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Фауар" бітімгершілік базасында қалған 38 әскери қызметкер екінші ұлттық контингенттің қолбасшылық құрамына өз міндеттері мен істерін тапсыру үшін Астанаға келді.
Голан биіктеріндегі БҰҰ миссиясының бірінші бітімгершілік контингентінің құрамында қызмет еткен әскери қызметкерлерді елорданың әскери әуе базасында салтанатты түрде қарсы алды.
Бітімгерлерді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев қарсы алды. Қолбасшылық өкілі оларға адал қызметі мен бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.