2024 жылы 124 мың жұптың некесі қиылса, 61 жұп ажырасуға өтінім берді. Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлім етті.
— Келесі кезек күттірмейтін мәселе — алимент төлемдері, яғни бұл әлеуметтік маңызды санаттардың бірі. Өйткені, алимент кәмелетке толмағандардың құқықтарына әсер ететіндіктен және орындалу мерзімі баланың кәмелет жасына (18 жыл) толғанға дейін созылуы мүмкін. Жыл басында орындауда 283 мың құжат болды, оның 12 835-і немесе 4% пайызы проблемалы санатқа жатқызылған және олар бойынша алимент төленбей жатыр. Оларға қатысты атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ететін мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады, — деді Е. Сәрсембаев Парламент Мәжілісінде жеке сот орындаушылары институтының проблемалары тақырыбына арналған Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезіндегі негізгі проблемалар тұрақты табыстың немесе мүліктің болмауына, ал кейбір жағдайда табыстарды қасақана жасыруға қатысты орын алып жатады.
— Жұмыссыз борышкерлер бойынша жүйелі түрде оларды жұмысқа орналастыру бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, жұмысқа орналастырылған борышкерлердің саны жыл сайын артып келеді (2020 ж. — 1 559, 2021 ж. — 2 224, 2022 ж. — 2 150, 2023 ж. — 4 238) және 2024 жылы 6 232 борышкер қамтылды, — деді министр.
Борышкерлерге қатысты қолданылатын шаралардың ең соңғы сатысы — оларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту. Алайда, бұл шараларды қабылдау алимент төлемеу мәселесін толығымен шешпейді екен.
— Балаларын асырауға ниеттің болмауы, алимент төлеуден жалтару отбасылық-неке қатынастары дағдарысының салдарын байқатып отыр. Бұған дәлел — былтыр тіркелген 61 080 ажырасу санын құрайтын статистикалық көрсеткіш, бұл көрсеткіш неке қию санының (124 774) жартысына жуығын құрады. Осы тұста, отбасы институтын нығайту және балалардың мүдделерін қорғау бойынша жауапты мемлекеттік органдардың кешенді жұмыс жүргізуі қажет деп санаймыз. Алимент төлемдерін өндіру Министрліктің ерекше бақылауында, — деді ведомство басшысы.