$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Жаһандық дағдарыс жағдайында сенімді қалпына келтіру жолдары талқыланды

AstanaTV
21.04.2025ж. 12:40
163
Жаһандық дағдарыс жағдайында сенімді қалпына келтіру жолдары талқыланды

Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің (MNU) мәжіліс залында дәстүрлі MNU Model United Nations 2025 конференциясы сәтті өтті. Аталған шараны El Umiti корпоративтік қоры ұйымдастырды. Конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді студенттер, жас көшбасшылар мен сарапшылар қатысты.

БҰҰ жұмысының ағартушылық симуляциясы саналатын бұл конференцияда қатысушылар түрлі елдердің делегаттары рөлін сомдап, жаһандық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылады. Биылғы конференцияның басты тақырыбы – «Дағдарыстағы жаһандық альянстар: бөлшектелген әлемдегі сенімді қалпына келтіру» болды.

Қатысушылар халықаралық аренадағы өзекті түйткілдерге – Дональд Трамптың Ақүйге қайта оралуы, Батыс елдері арасындағы келіспеушіліктер, экономикалық протекционизмнің белең алуы және халықаралық институттарға деген сенімнің әлсіреуіне қатысты пікір алмасып, балама шешімдер ұсынды. БҰҰ-ның бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне баса назар аударылды.

Конференция аясында бес комитет жұмыс істеді:

- БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі

- Адам құқықтары жөніндегі Кеңес

- Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Негіздемелік Конвенциясы (FCCC)

- БҰҰ-Әйелдер құрылымы

- БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесі (ЭКОСОС)

Әр комитете студенттер позициялық баяндамалар жасап, қарар жобаларын дайындап, пікірталас алаңында өз ойларын ашық жеткізді. Конференция соңында үздік делегаттар сертификаттармен марапатталды.


Қатысушылардың бірі өз әсерімен бөлісті:

«Бұл конференция менің дипломатиялық қабілетімді шыңдауға үлкен мүмкіндік берді. Біз шынайы халықаралық дағдарыстарды талқыладық, және әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылдауға қатысқандай болдық. Осындай тәжірибе мен үшін өте құнды», — деді ол.

MNU Model United Nations 2025 конференциясы жастардың халықаралық саясатқа деген қызығушылығын арттырып, олардың көшбасшылық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.