Жол-көлік оқиғасы Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында, бүгін сағат 11:00-де болған. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Оқыс оқиға Переметное мен Белес ауылдарын жалғап жатқан жолда орын алған. JAC N56 жүк көлігі мен ВАЗ-2110 жеңіл автомобилі бетпе-бет соқтығысқан. Соның салдарынан соңғы көліктегі 2008 және 2010 жылғы екі жасөспірім оқиға орнында қаза тапқан. Кәмелетке толмағандардың бірі рөлде отырған.
Қазір жол-көлік апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның орын алу себебі мен жай-жапсарын анықтап жатырмыз. Полиция департаменті марқұмдардың ата-анасына қайғыра көңіл айта отырып, ата-аналардан қауіпсіздік мәселесіне немқұрайлы қарамауын, кәмелетке толмағандарға көлік тізгінін тапсырмауын сұрайды, - дейді БҚО Полиция департаментінен.