Павлодардан Астанаға жолға шыққан оқушылар мінген шағын автобус апатқа ұшырады. 35 жастағы жаттықтырушы сол жерде көз жұмды. 7 бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Балалар футболдан өтетін жарысқа қатысу үшін жолға шыққан. Автобуста 16 оқушы мен 3 ересек адам болыпты. Жаттықтырушы Әлібек Жүсіпов қатты соққыдан жан тапсырған. Керекуліктер бүгін спортшыны ақтық сапарға шығарып салды.
ПОЛИНА АРЛАНОВА, ӘЛІБЕК ЖҮСІПОВТІҢ ШӘКІРТІ:
Ол бізді әрдайым қолдап келді. Тіпті, ойын барысында жеңіліп қалсақ та қолдау көрсететін. Біз ұстазымызды жақсы көрдік. Ол да бізді жақсы көретін.
Көлік ішіндегі 16 оқушы мен тағы бір жаттықтырушы жігіт аман қалды. 7 бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Қалған балалар дәрігердің қарауынан кейін ата-анасына тапсырылды. Тек 13 жастағы оқушының жағдайы ауыр. Ол басынан қатты соққы алыпты. Сол себепті Ерейментаудан Павлодарға тік ұшақпен жеткізілді.
ЕРАСЫЛ ӘСЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ НЕЙРОХИРУРГ ДӘРІГЕРІ:
Келген кезде жалпы жағдайы жақсы болды. Жалоб болған жоқ. Неврологиялық дефицит болған жоқ. Қазір ол баланың жағдайы қалыпты. Барлық керекті ем шаралар жүргізілуде.
Жол апатына көлік жүргізушісінің жүк көлігін басып озу кезінде рульге ие бола алмай қалуы себеп болған. Ақмола облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
АЛМАГҮЛ ТҰРСЫНБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Өзінің тәрбиеленушілерін жарысқа жіберген жеке спорт мектебінің басшылары полиция қызметкерлерін хабардар етпеді. Осыған байланысты патрульдік нарядтар сүйемелдеу жүргізілмеді. Бұл факті бойынша тексеру жүргізілуде.
Ал Баянауылда болған жол апаты 4 адамның өмірін қиды. Жеңіл көліктердің бірі қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, екінші көлікпен соқтығысқан. Соның кесірінен екі көлік жүргізушісі және екі жолаушы қаза тапты. Оның бірі - бала. Бұған қатысты полиция іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.