«Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде осындай пікір білдірді. Шара аясында мемлекет басшысы табиғатқа деген жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетіп, Елордадағы саябақтардың бірінде ағаш екті. Сондай-ақ фестивальге арналған көрмені аралап, санасы сергек, ойы ұшқыр жастардың тың жобаларымен танысты.
Соңғы үш күнде ел бойынша 4,5 миллионға жуық көшет орман алқабын толықтырды. Игі істі Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдады. «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында мемлекет басшысы экобелсенділермен бірге «Жастар» саябағында ағаш екті.
Содан соң Президент экофестивальге арналған көрмені тамашалады. Мұнда сан түрлі экспозиция қойылған. Мектеп оқушыларының экологиялық бастамалары таңғалдырмай қоймайды. Ә. Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейдің 5 сынып оқушысы Нұрбақыт Ермекұлы Президентке Есіл өзенін тазалап, сақтауға бағытталған жобаны таныстырды.
НҰРБАҚЫТ ЕРМЕКҰЛЫ, Ә. МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ №40 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙДІҢ 5 СЫНЫП ОҚУШЫCЫ:
Біз мұны Экопатруль тобымен бірге Есіл өзеніне барып, зерттедік. Көп ойландық бұл қоқыстарды қалай аламыз деп. Біз қорғаныш темір торларын орнатсақ, олар желмен ұшып келген қалдықтарды және адамдар тастаған қоқыстарды 60-70% болсын ұстап тұруына септігін тигізеді.
Ал атыраулық өрен Аружан Ғалымжан Президентке суды үнемдеуге үндейтін суреттерін көрсетті. «Таза Қазақстан» бастамасы бойынша ұйымдастырылған шығармашылық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан астам оқушы қатысқан болатын. Мемлекет басшысына байқау жеңімпазының суреті салынған жейде мен шопер сыйға тартылды. Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың жұмыстарына жоғары баға берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда.
Мемлекет басшысы қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу және қоғамдық орынды бүлдірмеудің маңыздылығына тоқталды. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән беруге шақырды. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының негізгі бағыттарының бірі деп атады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын!
Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін атап өтті. «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз" деді ол.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы.
Еріктілердің еңбегі де назардан тыс қалмады. Бірқатар белсенді жас Президенттен Алғыс хат алды.
АҚЕРКЕ ЕСКЕНДІРОВА, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Қуантатыны - біздің халқымыздың бойында жаңа экомәдениет орныға бастады. Ең бастысы, біз осы акция арқылы кез келген игі бастаманы нақты іспен жүзеге асыра алатынымызға көзіміз жетті.
Жиын соңында қала әкімі Жеңіс Қасымбек мемлекет басшысына елорданы көгалдандыру және абаттандыру жоспарын таныстырды. Биыл Астанада 1 миллионнан астам түп жасыл желек егу жоспарланған. Ағаштарды құжаттандыру және цифрландыру арқылы есепке алу шаралары да қолға алынбақ.