Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың шақыруымен Түркияға ресми сапармен барды. Депутаттар Парламент басшылығымен кездесіп, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен парламентаралық қарым-қатынасты дамыту мәселелерін талқылады. Нуман Куртулмушпен кездесуде Мәжіліс төрағасы әріптесін Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің 105 жылдығымен және Ұлттық егемендік күнімен құттықтады. Ерлан Қошанов жүз жылда Түркияның ғаламат жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтіп, қос мемлекеттің арасында шынайы достық пен туыстық байланысқа негізделген берік ынтымақтастық орнағанына айрықша назар аударды. Бұдан бөлек, сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, әскери-техникалық саладағы серіктестік мәселелері, мәдени-гуманитарлық қатынасты тереңдету жайы сөз болды. Сапар барысында делегация мүшелері Ататүрік кесенесіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етті. Мәжіліс спикері құрмет кітабына жазба қалдырып, Тәуелсіздік соғысы мұражайын және Президент жанындағы Ұлт Кітапханасын аралады.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Елдеріміз арасындағы достық, туыстық қарым-қатынас жыл сайын артып келе жатыр. Әрине, ол бірінші кезекті, біздің мемлекетіміздің көшбасшыларының ерен еңбегінің нәтижесі. Президенттеріміз арасындағы достық, бауырластық қарым-қатынас бар. Лидерлеріміз өте жиі кездесіп тұрады. Басшыларымыздың әрбір осы кездесуі, әрине, екіжақты қарым-қатынастың одан әрі нығайуына үлкен ықпал береді. Біз - заң шығарушы органдар.