«Үкімет ешқашан қателігін мойындамайды». Осылай деген Мәжіліс депутаттары министрлер палатасының құйтырқы әрекеттерін жайып салды. Бірі жауаптыларды жауапкершіліктен қашады деп айыптаса, енді бірі қалай сөйлеу керек екенін үйретіп әлек болды. Оларға айтылатын бітпейтін талап-арыз бен даудан мәжілісмендер де мезі болса керек, «шаршадық» деп шу шығарды. Бұл жолы Парламенттегілердің құрығына түскен – Әділет министрлігі. Халық халаулылары сонша ашуланатындай заңды реттеп жүргендер қандай заңды бұзып жүр? Әріптесім Аружан Задабек айтады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
«Кімнікі дұрыс десе, тек біздікі дұрыс» дейтін Үкімет бұл жолы депутаттардан оңдырмай сөз естіді. Парламенттегілер халықтың талай жерде тілін тістеп, айта алмай қалған ащы шындығын шымбайларына батырып тұрып беттеріне басты. Патшасың ба, пақырсың ба деген жоқ. 14 жыл бұрын жасаған қателікті мойынмен көтеруді талап етті. Мәселе – сот орындаушылар жайында. Қазір бұл салаға қатысты шағым көп. Былтырдың өзінде екі есе артып, 89 мыңға жеткен.
АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Екі жылдық депутаттық жұмысымнан байқағаным, Үкімет ешқашан өзінің қателігін мойындамайды екен. Біз қателесіппіз дегенін естімеппін осы күнге дейін. Қанша көзіне шұқып, дәлелдеп тұрамыз. Жоқ, біздікі дұрыс депе бет бақтырмай тұрады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Сот орындаушыларына қатысты тағылатын айыптың көбі – телефонды көтермеу, жауап қатқан күннің өзінде дөрекі сөйлеу. Кейбірі болмашы берешекке бола шотты бұғаттай салады. Өзгенің ақшасын жымқырғандар да жетерлік. Осындай 606 ұйым уақытында лицензиясынан айырылған. Сөйтсек ол аты ғана екен. Затына келгенде, ешқайсысы шешімді пысқырып жатқан жоқ. Әлі күнге дейін жұмыс істеуін жалғастырып келеді. Енді осыдан кейін олардың қанша адамды сазға отырғызғанын пайымдай беріңіз.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Әрқайсының сайтына кірдік. Бәрінің сайты бар екен. Жұмыс істеп жатыр ғой бұлар.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Мұндай мысалды тізе берсен таусылмайды. Астанада сот орындаушысы бір жыл бойы алимент қаражатын аудармай, оны баланың анасына емес, өзінің жақын туысының шотына жіберіп отырған. Қаржы көлемі - 1 миллион теңге. Алимент демекші, бізде өз баласынан безініп, беру керек теңгесін қимай жүрген азамат көп. Депутаттар ата-анасы алимент төлеуден жалтарған бүлдіршіндерге мемлекет есебінен арнайы қор құруды ұсынып еді. Әділет министрлігі оны қабылдамады. Өйткені, бұл масылдықты көбейтеді дейді.
ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:
Өткен жылы тіркелген 61 080 ажырасу санын құрайтын статистикалық көрсеткіш, бұл неке қию санының (124 774) жартысына жуығын құрады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қысқасы, шағым көп. Министр мұның бәріне цифрландырудың әлсіздігі себеп деп жылы жапты. "Осыдан электронды жүйені жетілдіріп алайық, бәрін қатырамыз" деген Сәрсембаев жиын соңында бұл сөзі үшін де сөз естіді. «Жауапкершіліктен қашпа» деген депутаттар басшыға Парламентте қалай сөйлеу керегін үйретпек болды.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫ НЫҢ МҮШЕСІ:
Өзіңізге жауапкершілік алуыңыз керек қой. Былай жұмсақ жауап беріп Парламенттен шығып кетуге болмайды ғой.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Ә дегеннің бәріне бірдей «істейміз, шешеміз» деп жауап қатқан министрдің осыдан кейін шыдамы да таусылды. Жауапкершілік туралы маған емес, ішкі істер министріне айтыңыз деп қысқа қайырды. Судан құрғақ шығу үшін әріптесін құрбандыққа шала салған министр қарға қарғаның көзін шұқымайтынын біле ма екен?!