Алматыда өткен Almaty Half Marathon ауқымды спорттық шарасында екі қатысушы қайтыс болды. Екеуі де 21 шаршы шақырымды еңсереміз деп келген. Спортшылардың қазасына не себеп? Тақырыпты Айдана Шалқар тарқатады.
Бұл жылғы мәре сызығы Тұңғыш президент саябағынан басталып, Орталық стадионда аяқталды. Марқұмның бірі- 84-тегі Аққоян Рсалиев 2021 жылдан бері марафонға тұрақты қатысқан. 21 және 10 шақырым қашықтықты да еңсерген. Сағат 8:15-те құлап қалыпты. Жедел жәрдем бригадасы бір минуттың ішінде жеткен. Бірақ сол сәтте қатысушы жүрек соғысын жоғалтып үлгерген көрінеді.
ЕРЖАН МҰХАТАЕВ, КУӘГЕР:
Ол кісі сразу без сознание жатты. Аузында трубкалары болды. Оны қимылдатқан жоқ. Сол жатқан жерінде кәдімгідей тексеріп, искусственное дыхание жасатты ма, соны көрдік. Біз енді ол кісі кетіп қалады деген ойда болған жоқпыз.
ДИАНА ХУДАЙБЕРДИЕВА, МАРАФОН ҚАТЫСУШЫСЫ:
Медициналық көмек көрсететін бригада әр 3 шақырым сайын орналасқан. 10 және 21 шаршы шақырым бойынша стартта да, финиште де дәрігерлер болды. Олар өзіңді нашар сезінген кезде керекті көмек көрсетіп отырды.
Марқұмның екіншісі- Нұрбол Ахмади бұған дейін қыстық марафонда 10 шаршы шақырымды жүгіріп өткен. Ол жартылай марафонның 16 километрінде есін жоғалтыпты. Дәрігерлер жеткенде оның тыныс алуы тоқтап, қан қысымы нөлді көрсеткен. Екі спортшыға да бірдей диагноз қойылды. Қалалық полиция департаменті іс бойынша зерттеу жүргізіп жатыр.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аудандық полиция басқармаларында қылмыстық іс тіркелді. Адамдардың өлімінің себеп-салдарын анықтау мақсатында сот медициналық сараптама тағайындалды.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, барлық марафоншы спорттық шараға қатысуға дайын екенін әрі өз денсаулығы үшін толықтай жауапкершілік алатыны туралы қолхат жазған. Оған қоса, жарыс жолағында медициналық көмек көрсету пункттері жеткілікті түрде орналастырылыпты.
САЛТАНАТ ҚАЗЫБАЕВА, «ALMATY MARATHON» ДИРЕКТОРЫ:
Әрине, бұл жағдайдан кейін қауіпсіздік шараларын бұрынғыдан да қатаңдатамыз. Бірақ бұл жолғы марафон барлық стандартқа, регламентке сай өткізілді.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әлеуметтік парақшасында енді жергілікті атқарушы органдар өткізетін мұндай шараларға талап күшейетінін ескертті.
ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
Қазіргі уақытта оқиға бойынша толыққанды тексеріс жүргізіліп жатыр. Қатысушылардың денсаулық жағдайы, жарысты ұйымдастыру тәртібі, медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен қауіпсіздік регламенті жан-жақты сарапталады.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Қос марқұмның жақындарымен тілдесуге тырыстық. Бірақ туыстары дәл қазір журналистердің сауалына жауап бере алмайтындарын жеткізді. Жазатайым жайттың нақты себептері сот медициналық сараптамасы тағайындалған соң белгілі болады.