Рим папасы Франциск 88 жасында дүниеден өтті. Суыт хабар Ватиканнан бүгін таңертең келді. Жексенбі күні халық алдында соңғы ғибадатын өткізіп үлгерген понтифик таңғы сағат 7 жарымда бақилық болды. Шартараптағы осы және өзге жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Көрер жарығының аз қалғанын білсе де, күні кеше пасхада көпшілік алдында сөз сөйлеп, әлемде бейбітшілік орнасын, - деп дұға еткен Рим Папасы Франциск таңата бақилық болды. Ақпан айының ортасында пневмонияға шалдығып, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан понтифик ауруханадан шыға сала өзінің күнделікті қызметіне кіріскен. Тіпті, ресми сапармен келген тұлғаларды қарсы алып, пікір алысқан. Естеріңізге сала кетсек, шын есімі Хорхе Марио Бергольо шыққан тегі италиялық Аргентина тумасы. Рим папасы Пасханың 25 жылда бір келетін мерейтойлы жылын қорытындылап, 50 минут бойы қызмет етті.
ФРАНЦИСК, РИМ ПАПАСЫ:
Құрметті ағайын! Пасха құтты болсын! Дін бостандығы, сөз бостандығы орнап, өзгелердің пікіріне құлақ асуды үйренбейінше бейбітшілік болмайды. Барлығына айтарым осы.
Дональд Трамп шаршады. Украинадағы бейбітшілік орнату ісі бірер күнде шешімін таппаса, АҚШ енді бұған араласпайды, - дейді АҚШ Президенті. АҚ Үй басшысының айтуынша, қос тарап та, соғысты тоқтатуға мүдделі емес секілді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз бұл мәселені біржақты еткіміз келеді. Бұл соғыста аптасына 2500 адам қаза тауып жатыр. Бірақ түрлі себептермен қос тарап, келісімге келу мәселесін созатын болса, менің шыдамым таусылады. Екеуіне де: «Ақымақ екенсіңдер», - деп айтамын да, енді бұл мәселеге оралмаймын.
Трамп, пікір білдіріп, қабылдау жүргізіп жатқанда АҚ үй алдына наразы топ жиналды. АҚШ Президенті қайта сайланғалы бұндай ауқымды ереуіл болмаған. Наразы топ Трамп жұмыс орындарын азайтып, мигранттарға қысым көрсетіп, экономикаға зиян келтіріп отыр деп санайды. Ел астанасы Вашингтонда он мыңдаған адам жиналса, Нью-Йоркте 50 мыңға жеткен.
АЛЕКС ХОБСОН, ВАШИНГТОН ТҰРҒЫНЫ:
Трамптың өзі сияқты ел заңдарын ешкім бұзбаған. Жүздеген жыл тарихы бар АҚШ Конституциясын аяққа таптады. Елде заңды жүрген Килмар Абрего Гарсияны елден қуып, Сальвадордағы түрмеге тықты. Бұндай сұмдықты ешқай Президент жасамаған.
Трампқа қарсы ереуіл тек АҚШ-та өтеді деу қате. Йеменде тіпті жұлдыз жолақты жалауды өртке орады. Бұған себеп, АҚШ әскері қайтадан әскери операция жүргізіп, мұнай кен орнына шабуыл жасаған. Хезболла лаңкестік ұйымы таратқан ақпаратқа сәйкес 73 адам қаза тапқан.