АҚШ-тағы жетекші оқу орны Гарвард университеті президент Дональд Трамп әкімшілігінің федералдық қаржыландыруды тоқтату туралы шешіміне қарсы сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Университет дүйсенбі күні федералдық сотқа жүгініп, Трамп әкімшілігінің миллиардтаған долларды қысқарту бастамасын тоқтатуды талап етті. Бұл әрекет соңғы аптада шиеленіскен текетірестің бір бөлігіне айналды. Гарвард басшылығы әкімшіліктің "әртүрлілік пен антисемитизмге қарсы күрес" деген желеумен қойған бірқатар талабын қабылдаудан бас тартқан болатын.
АҚШ-тың президенті Дональд Трамп 2,2 миллиард доллар көлеміндегі федералдық қаржыландыруды тоқтатып, университеттің салықтан босатылған мәртебесін де қайта қарауға бастама көтерді.
Гарвард университетінің президенті Алан М. Гарбер дүйсенбі күні қызметкерлеріне жолдаған хатында: “Үкіметтің шектен тыс араласуы ауыр әрі ұзақ мерзімді салдарға әкеледі, – деп мәлімдеді.
Бұл мәселеге Ақ үй өкілі Харрисон Филдс жауап берді.
Федералдық көмектің мұндай мекемелерге берілу кезеңі аяқталуға жақын. Гарвард сынды ұйымдар халықтың салық ақшасы есебінен өз бюрократтарына артық жалақы төлеп отыр. Бұл қаржы — артықшылық, ал Гарвард сол артықшылыққа лайық болу үшін қажетті ең төменгі талаптарды да орындамай отыр.
Гарбер мырзаның айтуынша, қаржыны тоқтату балалар онкологиясы, Альцгеймер және Паркинсон аурулары бойынша маңызды ғылыми зерттеулерге зиян келтірмек.
Федералдық үкімет соңғы апталарда құнды зерттеулерді жүзеге асырып отырған негізгі қаржылық серіктестіктерге шабуыл жасады, – делінген университеттің шағымында.
Гарвард — қаржыландыруға қатысты мәселе туындаған жалғыз университет емес. Трамп әкімшілігі Корнелл университетінің 1 млрд долларын және Браун университетінің 510 млн долларын да тоқтатқан. Колумбия университеті секілді кейбір оқу орындары федералдық қаржыны сақтап қалу үшін үкімет талаптарының біразын орындауға келіскен.
Гарвардқа қойылған талаптар қатарында – оқу бағдарламасын сырттай тексеру, кадр саясаты мен қабылдау процесі жөнінде үкіметке мәлімет беру секілді шарттар бар. Университет бұл талаптарға 14 сәуір күні жолданған ашық хат арқылы келіспейтінін білдірген.
Гарвард өзінің академиялық тәуелсіздігінен бас тартпайды және конституциялық құқықтарын қорғайды. Федералдық үкімет ешбір жеке университеттің еркіндігіне қол сұқпауы тиіс. Сондықтан Гарвард бұл талаптарды қабылдамайды, - делінген ашық хатта.