$521.53 €601.01 ₽6.43
×

Қарағандыда шағын мал шаруашылығы базасы арқылы 339 млн теңге жымқырғандар сотталып кетті

AstanaTV
22.04.2025ж. 16:09
49
Қарағандыда шағын мал шаруашылығы базасы арқылы 339 млн теңге жымқырғандар сотталып кетті

Қарағандыда «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» ұлттық жобасы аясында сүт өнімдерінің бағасын арзандатуға бөлінген 339 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияларды жымқырғандар сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған істі ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаменті тергеді.

«DIAS» шаруа қожалығының басшылары жергілікті ветеринарлық дәрігермен сөз байласып, субсидия алу мақсатында ірі қара мал, сондай-ақ сүт өнімдерін өндіру және сату туралы жалған құжаттар тапсырған.

Алайда, іс жүзінде шаруа қожалығының қарамағында өндірістік қызмет жүргізуге жарамсыз шағын мал шаруашылығы базасы ғана болған.

Тиісінше, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеу іс жүзінде жүзеге асырылмаған.

«Күдіктілер жымқырылған субсидияның бір бөлігін ет бағытындағы 60 асыл тұқымды бұқа сатып алуға жұмсап, нәтижесінде 9 млн теңге көлемінде субсидиялар түрінде қосымша қылмыстық табыс алынды.

Сот үкімімен олар ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық), 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру) және 206-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, сот Ауыл шаруашылығы басқармасының 339 млн теңге сомасындағы азаматтық талабын қанағаттандырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.