Қазақстан Түрікменстанға мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ IT-мамандардың біліктілігін арттыру ісінде жан-жақты көмек көрсетуі мүмкін. Тарих төрі Түркістанда кездесу өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов осы мәселені сөз етті. Бұдан бөлек сауда айналымын 1 миллиард долларға жеткізу, газ саласындағы серіктестікті кеңейту тақырыптары да қозғалды. Екі елдің қарым-қатынасын нығайтатын тағы қандай бастамалар көтерілді? Әріптесім Сүндет Оралбек тарқатсын.
Қасым-Жомарт Тоқаевпен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов бейресми кездесу өткізді. Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, еліміздің рухани астанасы, түркі халықтарына ортақ қасиетті мекен саналатын Түркістан қаласына ат басын бұрғаны үшін ризашылығын жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді.
Биыл халықаралық бейбітшілік және сенім жылы. 2025 жылды дәл осылай жариялау бастамасын былтыр Түрікменстан ұсынған болатын. БҰҰ мен 86 мемлекет қолдау білдірген бұл игі қадам Түрікменстанның әлемдік деңгейдегі абырой-беделі жоғары екенін айғақтайды. Сондай-ақ, биыл бұл ел тұрақты бейтараптығының 30 жылдығын атап өтеді. Бұл дата да осы бастамамен үндес келеді. Мәртебелі мейман Қазақстан Түрікменстанның ең негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін жеткізді.
ГУРБАНГУЛЫ БЕРДІМҰХАМЕДОВ, ТҮРІКМЕНСТАН ХАЛК МАСЛАХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы мол. БҰҰ аясында Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын жариялау жөніндегі Түрікменстанның бастамасына қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастарды одан ары нығайту перспективасы талқыланды. Атап айтқанда, Өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізу, газ саласындағы серіктестікті кеңейту, транзит әлеуетін арттыру, білім беру, цифрландыру салаларындағы өзара тиімді ықпалдастық мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапы Түрікменстанға мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ IT-мамандардың біліктілігін арттыру ісінде жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұдан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов өнеркәсіп көрмесін аралады.
Бұл SPK Turkistan индустриалды паркі. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 36,5 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерінің, ауыл шаруашылығы тракторлары, білім мен медицина мекемелеріне арналған жиһаздар, есіктер және өндірістік тоңазытқыштар өндірісі жолға қойылған.
Бұдан бөлек, ғарыш саласында, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы, жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібінде қызмет ететін қазақстандық өндірушілердің көрмесімен танысты. Артынша Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды Түркістан әуежайынан шығарып салды.