Каспий теңізі бұрын-соңды болмаған экологиялық жағдайға жетті. Оған 130-дай өзен құйса да, деңгейі жылдан-жылға төмендеп барады. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин осылай деп дабыл қақты. Депутат бұл болашақта айналасындағы өңірлердің экономикалық жағдайына қауіп төндіретінін ескертті. Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің тақырыптық отырысында Каспий теңізін қорғау бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау мәселелері қаралды.
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
2021 жылдан бері Каспийдің солтүстік-шығыс жағалау сызығы 50 шақырымнан астам шегініп, мыңдаған шаршы шақырым бұрынғы судың ауданы құрғақ жерге айналды. Мамандардың зерттеулеріне сәйкес, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі жыл сайын 8 сантиметрге төмендеуде. Бұдан басқа өндіріс, көлік және басқа да антропогендік қызметтерден Каспий теңізі жүйесінің ластануы Атакөлдің флорасы мен фаунасына кері әсер етуде. Әсіресе, эндемик Каспий итбалығының да өлімі жиі орын алуда.