Жаңбырдан кейін қаулап өсетін саңырауқұлақтай қаптаған коучтарға тықыр таянды! «Жұмыс істемей-ақ байып кетесің, өмірің адам танымастай өзгереді» деп азаматтарды еліктіріп, жалған жарнама жасау жоғынан. Бұдан былай клиент уәде етілген қызмет толық орындалмаса, сотқа шағымданып, ақшасын қайтарып ала алады. Тиісті заң жобасы Мәжілісте қызу талқыланып жатыр.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Достар, сәлем! Қалайсыздар? Бүгін менің авторлық курсыма тіркеу басталды! Қиялыңыздағы махаббатқа қол жеткізіп, төбеңізден ақша жауғанын қаласаңыз, міндетті түрде менің курсымды сатып алыңыздар! Бағасы қолжетімді, бөліп төлеуге болады. Толық ақпаратты алу үшін сілтеме арқылы өтіңіздер!.. Иә, қазір әлеуметтік желіде осындай жарнамалардан көз сүрінеді. Түрлі коучтар өміріңізді жарқын жаққа өзгертемін, аспандағы айды әперемін деп уәдені үйіп-төгеді. Аңқау елге арамза молда. Жұрт сенеді, соңғы ақшасын төлейді. Ал шын мәнінде пайдаға асатын өнім ұсынып жүргендер кемде-кем.
БЛИЦ:
- Өзімнің анам курстарға өте қатты қызығады. Курстарды көп алған және көп мошенниктерге жолыққан болатын.
- Ондайдың құрбаны болып жатқан кішкене білім жағынан әлсіз болып жатқан адамдар шығар деп ойлаймын.
- Өз жауапкершіліктерін сезініп, шынымен адамға көмектесіп, қиыншылықтарын шешіп берсе, сенеді ғой бәрі.
Ауызбен орақ орғандардың қармағына ілінген жандардың бірі – Гүлнәр Мусина. Армандар картасын жасауды үйретемін деген ақылсымақтар әбден әйелдің сеніміне кірген. «Мақсаттарың жарықтың жылдамдығымен орындалады» деп уәде етіпті. Алайда Гүлнәр Мусинаның көрсетілген қызметке көңілі толмады.
ГҮЛНӘР МУСИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Орындалған нәрселер де болды. Арманға жеткен нәрселер де болды. Ол енді бір жағынан адамның ниетінен де болады ғой. Бірақ өз басымнан прям сондай нәтиже шықты деп, байып кеттім деген болған жоқ.
Блогер Зәуреш Нұрсейітова 4 жыл бұрын мобилографияны меңгерген. Қазір трендке айналған мамандықтың қыр-сырын өзгелерге үйретіп жүр. Бүгінде 50-ге жуық адамды оқытты. Жылтырағанның бәрі алтын емес. Алаяқтың құрбанына айналмас үшін кез келген курсты алдымен жан-жақты тексеріп алу қажет дейді. Азаматтардың пікірі, сарапшының портфолиосы және тәжірибесі мен біліктілігіне назар аударуға шақырады.
ЗӘУРЕШ НҰРСЕЙІТОВА, БЛОГЕР:
Мен әр оқушыма жеткілікті уақыт бөлу үшін курсыма көп адам алмаймын. Қазір менің студенттерім өз ісінің маманы. Жақсы табыс табады. Бірнеше жылдық келісімшарттарға қол жеткізген. Мен үшін бұл басты көрсеткіш. Салаға кеше ғана келгендер өзгелерді оқытып жүргенін жиі көремін. Әдетте, олар ғаламторда бар ақпаратпен шектеледі. Одан нәтиже шықпайды.
Енді бұл мәселені заңнамалық жолмен шешу үшін жаңа нормалар әзірленіп жатыр. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға арнайы өзгерістер енгізілмек. Әлеуметтік желідегі кез келген уәде заңды құжатқа теңестіріледі. Кәсіби біліктілік расталуы тиіс. Ал клиент уәде етілген қызмет толық орындалмаса, сотқа шағымданып, ақшасын қайтарып ала алады.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біз айтып отырмыз: бәрін тіркеп аласыздар. Біріншіден, жалған жарнама үшін айыппұл төлейді Әкімшілік кодекспен. Инфосығандардың жалған курс өткізетін, нумерологтардың уақыты келді. Олардың уәдесі орындалмаса, ақшаны қайтарып беру керек.
Заң жобасы қазір Мәжілісте қаралып жатыр. Жақын арада Сенатқа жолданбақ.