Кітап көнелігімен емес, ішіндегі мағлұматымен құнды. Сондықтан сирек кітапты "жасына" емес, сапасына қарай бағалаған жөн. Үйіндегі кітап қоры он мыңнан асатын оралдық ардагер журналист Тихон Әліпқалидің өмірлік ұстанымы осындай. Сөз қадірін - өз қадірім деп түсінетін ақсақалдың сирек кітаптарын көріп келген тілшіміздің материалында толығырақ.
Тихон Әліпқали студент кезінде-ақ кітапқұмарлығымен танылыпты. Сол кездің өзінде жиған кітабын қалдыратын жер таппай қиналады екен. Қазір де солай. Үш бөлмелі үйіне сыймаған он мыңнан астам кітаптың біразы балконда, тағы бір бөлігі ұлының үйінде тұр. Бұл үйдегі кейбір еңбекті кітапханадан да таппайсыз.
ТИХОН ӘЛІПҚАЛИ, АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТ:
Біреуі латын қарпімен жазылған Сәбит Мұқановтың "Теміртас" деген романы болған, сосын 1948-жылы Кенесары-Наурызбей көтерілісі туралы Қажым Жұмалиев зерттеу мақаласын көлемді жазған ғой. Сол үшін ол халық жауы болып түрмеге отырып шықты. Сол кітаптың сол кезде шыққаны бар. Бірақ оларды көп жұрт көретін жерге қоймаймын.
Отағасының оқымыстылығына өмірлік қосағы да түсіністікпен қарайды. 60 жыл отасқан оларға базарлыққа бағалы бұйымнан гөрі, кітап алу әдетке айналған.
САРА ТАНАБАЕВА, МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
Жалақы деген өте азғантай, мысалы мен 75 сомға істедім музейге келгенде алғашқы жылы кіші ғылыми қызметкер болдым. Ал Тихон жұмысқа кіргенде 90 сом алатын еді. Көбіне кітап алады. Сол арзан болғанның өзінде ол азғантай жалақы алатын отбасыларға салмақ түсіреді. Бұл негізінен пенсиясы кітапқа, сосын дәріге кетіп жатыр. Киім-кешек алмаймыз, дүние-мүлік алмаймыз, бәрі де осы кітап.
Әлем классиктерін түгендеп, енді рухани әлем, жаратылыс сырын тануға бой ұрған Тихон Әліпқали қазір көрген-түйгенін қағазға түсіріп жүр. Қарт қаламгердің ендігі арманы - өмір бойы жиған-тергенін кітап қадірін білетін жанға аманаттау. Бірақ мұндай мәрт азаматтар әзірге табылар емес.